«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбелік кәсіпкер балалар спортын дамытуға ықпал жасап отыр

2018 жылғы 19 Шілде
- Ақтөбе облысы
1731 просмотров

Бүгінде қандай жаңа орталық болмасын, негізінен, кәсіпкерлердің күшімен тұрғызылатыны белгілі. Бұны ол өз күнкөріс қамы үшін жасайды дерсіз бәлкім, алайда, құрылыс бұйымдары мен құрал-жабдықтарын оған ешкім босқа әкеліп бермейді, шығындарды өтеуге қаржы керек. Соған қарамастан арамызда кәсіп ашарда өз пайдасын ғана ойламай, халыққа қажетті дүние жасап, өскелең ұрпақ тәрбиесіне атсалысуға тырысатын жандар жоқ емес.

Осындай кәсіпкерлердің бірі ретінде Аян Ықыласты атауға болады. 20 жылға жуық мемлекеттік қызметте жұмыс жасаған ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бағдарламаларымен танысып, тиімділігін түсініп, кәсіпкерлікке бет бұрады. Ол - өңірлік кәсіпкерлік палатасы жүргізетін «Бизнес-кеңесші», «Бизнес өсу» тренингтерінің қатысушысы.

«Бизнеске оқыту курстары өмірлік дүниетанымымды түбегейлі өзгертті десем болады. Ержан Нұрғалиев, Сәлима Мұқанова сынды бизнес-жаттықтырушылар өз ісінің шеберлері екен. Кәсіпкерлікті қалай бастауды бүге-шігесіне дейін түсіндіріп берді», -дейді кәсіпкер.

Бизнес тренерлердің көмегімен Аян үш бірдей кәсіп түрін ашты. Әсемдік салоны, аударма бюросы мен спорт клубы үшін ғимарат алаңын жалға алды. Жүргізіп отырған кәсібі әзірге шаш етектен пайда әкелмегенімен, күнкөріске қажетті нәпақаға жетеді. Әсіресе, спорт клубын қаржылай пайдалы деуге болмайды. Алайда, кәсіпкер ұлт болашағы - ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуды азаматтық борышы санайды.

Сондықтан ол «Баһадүр» спорт клубының жұмысын жандандыруды қалайды. Қазіргі кезде аталған спорт үйірмесіне қатысуға ниет білдірген балалар көбейіп келеді. Клуб бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді өткізетін орынға айналған. Мұнда балалар мен жасөспірімдерге шахмат пен тоғызқұмалақ ойындары үйретіледі.

«Шахмат, тоғызқұмалақ сынды ойындар интеллектуалдық спорт түрлеріне жатады. Олар зейінді дамытып, балалардың есте сақтау қабілетін жетілдіреді. Ойын кезінде шулауға, артық сөйлесуге болмайды. Бұдан бала тәртіп сақтауды үйренеді»,-дейді Аян Ықылас.

Мұндай интеллектуалды ойындар әлемдегі ең танымал спорт түрлеріне жатады. Кейбір елдерде олар мектеп бағдарламаларына енгізілген. Балалардың ой-өрісін дамытуда, әсіресе, шахмат ойының тиімділігі ғылыммен дәлелденген. Кәсіпкер біздің елімізде бұндай спорт түрлерінің лайықты бағаланбай отырғанына қынжылыс білдіреді. Ол интеллектуалды спорттың бұқаралық сипат алып, жалпыхалықтық деңгейге көтерілуіне ден қою керек деп есептейді және осы мақсатта аянбай еңбек етуге дайын.

Ашылғанына көп болмаса да «Баһадүр» спорт клубының қатысушылары біраз жетістікке қол жеткізіп үлгерді. Бір оқушысы ІІІ разрядтың, бес оқушы IV разрядтың нормативін орындап, әр түрлі деңгейдегі турнирлерде жеңімпаз атанған.

«Интеллектуалды ойын түрін дамытуда жарыстар мен турнирлердің маңызы зор. Сайыстар кезінде балалар қарсыластарын сыйлауды, жеңу мен жеңіле білуді үйренеді. Сондықтан турнирлерді жиі өткізіп тұрамыз. Бұл ақыл-ой күресі саналады»,-дейді кәсіпкер.

2018 жылдың 21 шілдесі күні "Баһадүр" спорт клубы өзінің 1 жылдық мерейтойына және Халықаралық шахмат күніне арналған шахмат турнирін өткізбекші. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар беріледі. Турнир ұйымдастырушылары шахмат сүйер қауымды осы сайысқа қатысуға шақырады. Байланыс нөмерлері: 8776 265 2622, 8707 765 2622, bahadur_sportclub_aktobe.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер