«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстаудың үздік кәсіпкерлері марапатталды

2019 жылғы 14 Тамыз
2488 просмотров

Бүгін,14 тамыз күні Ақтау қаласында «Қазақстанның үздік тауары-2019» өңірлік көрме-байқауы өтті. Шараға аймақтағы 45 кәсіпорын қатысты. Оның 20-сы көрмеге өнімдерін шығарды. Биылғы байқауда танымал кәсіпорындармен қатар кәсібін жаңадан бастаған тауар өндірушілердің де өнімдерімен танысуға мүмкіндік туды

Мәселен, көкөністерді жуып, турап, ваккум қалталарға салып сақтау кәсібі Ақтауда алғаш рет ашылып отыр. Кәсіпкер Әлия Баяндиеваның айтуынша, тың бизнесті бастағанына бір ай болған. Қазірдің өзінде ірі сауда орталықтарымен келісімшартқа отырды. Неміс технологиясы бойынша көкөністерді ашу, жу, турау жұмыстары жасалады. Сақталу мерзімі 10 тәулік. Қолмен атқарылатын шаруа жоқ. Жергілікті көкөністер пайдаланылады. Қазақстанның өзге де қалаларына жіберу жоспарланған.Бұл қарбалас кезде жылдам тамақ дайындауға өте қолайлы.

«Қазақстанның үздік тауары» – ұлттық бренд деңгейіне көтерілген беделді шара. Байқаудың негізгі мақсаты – отандық нарықты отандық жоғары сапалы өніммен қамту. Конкурс жеңімпаздарының эмблемасын жарнамалық мақсатта 4 жыл бойы пайдалануға құқылы. 2015 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің ұйымдастырушысы болып табылады.

Шараға қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұлов:

«Маңғыстау облысы Қазақстанның ең қарқынды дамып келе жатқан аймағының бірі, Жалпы аймақтық өнім 661 321, млн тенгені құрайды,  2018жылмен салыстырғанда 0,3% өсті. 2019 жылға бюджетке кіріс мөлшері 206,4 млрд тенгені құрайды.Қазіргі уақытта тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 61 891 бірлікті асады. Кәсіпкерлік секторының нәтижелі жұмысы облыстың экономикасының қарқынды дамуына серпін беріп келеді. Біздің экономикамыз үшін ұдайы өсу мен тың кәсіп түрін табу маңызды. Оны жүзеге асыру үшін Маңғыстауда барлық мүмкіндіктер бар: кәсіпкерлік саласы белсенді дамып келеді, шағын және орта бизнестің саны артуда, тұрғындардың кәсіп ашуға деген ынтасы жоғары. Қазіргі кезде Еуразиялық экономикалық қауымдастығы (ЕурАзЭҚ) мен Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) аясында жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруға ерекше назар аударылып отыр. Біздің кәсіпкерлер уақытпен санаспай еңбек етіп, тұтынушылардың сұранысына сай, шама келсе бір адым алда жүруі қажет», – дейді.

Естеріңізге сала кетейік, марапат 2006 жылы тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың отандық өнімдердің сапасын жақсартуға бағытталған, өндірісті жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етуге, халық арасында сапалы идеяны кеңінен таратуға бағытталған іс-шараларды күшейту мақсатында құрылды.

Байқау  «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» деп аталатын үш аталым бойынша өтті.Сараптамалық комиссия жеңімпаздарды анықтады.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша: «Каскор Машзавод» АҚ, «Шыныталшықты құбырлар зауыты» ЖШС мен «Каспий Тас жол» ЖШС жеңімпаз атанды.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында: «СЕНЕК» ЖШС,  ЖК «Асем Андрей», ЖК «БАДО» топ жарды.

 «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша: «Maga Bread» ЖШС, ««Волна» Ақтау кондитер фабрикасы» ЖШС, «ТЕТИС» ЖШС үздік шықты.

 Жеңімпаздарға арнайы дипломдар табысталды. Шараға облыс тұрғындары мен қонақтары қатысып, жергілікті кәсіпкерлер ұсынған отандық өнімдердің көрмесін тамашалады.

Жеңімпаздардың бірі ЖК «Асем Андрей» жетекшісі Әсем Өтепова. Оның тігін кәсібімен айналысқанына 2 жыл. Негізгі бағытым- ұлттық киімдерді заманауи стильмен қабыстыру. Жастардың талғамына сай, сұранысты жоғары сапамен тігіп келеміз. Бұдан бөлек қыз жасауы, бесік жабдықтары, кез-келген бұйымды ұлттық нақыштармен байланыстырып жасап шығарумен ерекшеленіп тұрамыз,-дейді шебер.

Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев:

«Тауар өнімділігі, сапасы, жылдық табыс көзі, жұмысшыларын әлеуметтік қолдау сынды бірнеше талаптарға сай келген 9 кәсіпорын жеңімпаз аталды. Олар Нұр-Сұлтан қаласында ел Президентінің қолынан жүлде алатын үлкен додаға қатысады. Қазақстан бойынша теңдессіз бренд екенін дәлелдеуге мүмкіндік беріледі», – деп тұжырым жасады.

Жеңіске жеткен кәсіпорындар Маңғыстау облысы атынан «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына және «Қазақстанда жасалған» көрмесіне қатысатын болады.

Шара соңында облыстың үздік құрылысшылары ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр атынан медалдар, Алғыс хаттармен марапатталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер