«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құқық қорғау кеңесі: жарнама мөлшерлемесі бойынша шешім жобасы қайта қаралуы қажет

2025 жылғы 02 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
196 просмотров

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңесінің отырысы өтті.

Кеңес төрағасы Қайрат Акеновтың модераторлығымен өткен жиынға Кеңес мүшелері, Шымкент қаласы прокуратурасының, Сәулет және қала құрылысы, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармаларының басшылығы, қалалық мәслихат депутаттары және жарнама саласындағы кәсіпкерлер қатысты.

Жиында мәслихаттың «Шымкент қаласының аумағында ғимараттардан тыс, ашық кеңістікте сыртқы (көрнекі) жарнама орналастыру үшін ай сайынғы мөлшерлемелер туралы» шешімінің жобасы талқыланды.

«Кәсіпкерлер палатасына мәслихаттың сыртқы жарнама орналастыру мөлшерлемесін көтеру туралы шешім жобасы түсті. Ұсынылған жоба сыртқы (көрнекі) жарнама орналастыру үшін ай сайынғы базалық мөлшерлемені 200 пайызға арттыруды көздейді. Сонымен қатар, Шымкент қаласына кірмейтін аумақтардағы сыртқы жарнама мөлшерлемесін 50 пайызға төмендету қарастырылған. Шешім жобасын талдау нәтижесінде құқықтық және реттеушілік бағыттағы кемшіліктер, сондай-ақ, бизнеске тәуекелдер анықталды. Жобада мөлшерлемені 200 пайызға көтеру, яғни екі есе ұлғайту ұсынылған, ал бұл кәсіпкерлер үшін қосымша қаржылық қиындық тудырады. Біздің пікірімізше, шағын және орта бизнес үшін мұндай өзгерістер жарнама мен өнімді, қызметті сату шығындарының күрт артуына, сыртқы жарнаманың бәсекелестік құралы ретінде қолжетімділігінің төмендеуіне, сонымен қатар жаңа мөлшерлемені төлей алмау салдарынан бизнестің жабылуына немесе құрылғыларды бұзуға әкелуі мүмкін», – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева.

Кеңес мүшелерінің пікірінше, мұндай мөлшерлеменің көтерілуі көптеген бизнес өкіліне тікелей әсер етеді. Яғни, бұл тек жарнама компанияларын ғана емес, сонымен бірге Шымкент қаласында өз өнімдері мен қызметтерін жарнамалау үшін сыртқы жарнаманы пайдаланатын шағын және орта бизнес өкілдерін де қамтиды. Өйткені, әр кәсіпкер – дүкендер мен кафелерден бастап өндірістік кәсіпорындар, білім беру орталықтары, техникалық қызмет пен әсемдік салондарына дейін – баннерлер немесе үлкен жарнама құрылғыларын пайдаланады. Демек, жарнама орналастыру құнының қымбаттауы кәсіпкерлер шығындарының өсуіне әкеліп, жалпы бизнес-қоғамдастыққа қосымша қаржылық қиындық тудырады деп санайды Кеңес мүшелері.

«Мөлшерлеменің 200%-ға дейін көтерілуі жарнама нарығына және мыңдаған кәсіпкерге әсер етеді, олар жарнаманы клиенттер тартудың құралы ретінде пайдаланады. Біз үшін мұндай төлемдердің күрт өсуі жұмыс көлемінің қысқаруына, жеке жарнама құрылғыларын бұзуға және төлем қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде жақын арада жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің азаюына себеп болады. Сондықтан бұл мәселе мұқият әрі дұрыс есептеулермен, кезең-кезеңмен енгізуді талап етеді», – дейді жарнама саласындағы кәсіпкерлер.

«2025 жылы сыртқы жарнама саласынан түсетін салықтың мөлшері шамамен 650 млн теңге болады деп болжанып отыр. Ал егер мәслихаттың бұл шешімі қабылданса, сыртқы жарнамадан жиналатын салық мөлшері 2 миллиард теңгеге дейін артуы мүмкін. Бұл өз кезегінде қала бюджетін молайтуға оң әсерін тигізеді. Қаулы жобасын әзірлеу кезінде Астана және Алматы қалаларының экономикалық тәжірибесі зерттелді», – деді Шымкент қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Нұрғали Бөрібеков.

Дегенмен, Кеңес мүшелері мен жиынға қатысушылар шешімнің әсерін толық талдауды және ұсынылған мөлшерлеменің негізін дәлелдеу қажет деп есептейді, сондай-ақ, оны бірден максималды көтерудің орнына басқа реттеу әдістерін қарастыруды ұсынды: мысалы, мөлшерлемені біртіндеп көтеру немесе қайта қарау арқылы белгілі бір кезең ішінде өзгерістер енгізу, жарнама құрылғыларының түрі, мөлшері және техникалық сипаттамаларына қарай саралануын қолдану.

Ал Шымкент қаласы мәслихатының депутаты жобаны келесі жылы қабылдауды шегере тұрып, кәсіпкерлерге 2026 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін жаңа Салық кодексіне бейімделу үшін уақыт беру қажеттігін айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша, бизнес-қоғамдастық құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру, сондай-ақ, әзірленіп жатқан жобаның бизнеске әсерін азайту мақсатында, Кеңес Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасына мынадай ұсыныстар жасады:

1. Түскен ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, сараптамалық қорытынды әзірлеу;
2. Шымкент қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасына мынадай ұсыныстар беру:
1) Шешімнің әсерін толыққанды талдау (бизнеске қаржылық жүктемені талдау);
2) Мөлшерлемені бірден көтерудің орнына балама шараларды қарастыру (кезең-кезеңмен/орташа өсім мен оның әсерін бағалау) арқылы әділетті әрі экономикалық негізделген тәсілдерді қамтамасыз ету.
3) Жобаны қосымша талқылауға дейін қабылдауды кейінге қалдыру және кәсіпкерлер мен жарнама нарығы өкілдерімен қосымша талқылаулар өткізу, сондай-ақ, жұмыс кездесуін ұйымдастыру арқылы қолайлы мөлшерлемені бірлесіп айқындау.
4. Шымкент қаласының мәслихатына жобаға ұсынылған ескертулер мен пікірлерді ескеру және оларды әрі қарай талқылау барысында ескеру ұсынылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174