Тұздыкөл - дала дәрігері
Индербор поселкесінен15 шақырым жердегі Тұздыкөлде болғандар оның суының емдік шипасы бар екенін айтып жүр. Жергілікті тұрғындар да нық сеніммен бұл көлдің суы мен қара балшығының өзі тек буын емес, демікпе, бронхит, гинекология сияқты көптеген сырқаттарға бірден-бір ем деп есептейді.
Индердегі тұзды күмбезде Менделеев кестесінің 16 түрлі қазба байлығы «жасырынып» жатыр. Тұздыкөлдің солтүстік жағы Индер тауымен қоршалған, Оңтүстік жағалауы жазық. Тұздың мемлекетке есепке алынған қоры 647 млн. тонна шамасында. Оны «Тұз» ЖШС өндіріп жатыр. Ал біздің айтпағымыз басқа, өңірдегі тұйықкөл - осыаймақтағы табиғат ғажайыптарының бірі. Көктемде суы молайып, жазда тайыздайды. Жергілікті мамандардың айтуынша, тұзды күмбезтаудың 34 метр тереңдігінде су қоры бар. Таудың сазды қабаттары арасынан шыққан «күркіреуік» деп аталатын бұлақтардан тұз көлі үнемі толығып отырады.
Тұз көлі 500 метртереңдікте орналасқан. Көл суының құрамында бром, калий, аздаған йод, ас тұзы бар. Көлдің қара балшығы түрлі ауруларға ем. Көз қарықтырар тұз көлінен 30 шақырымдай қашықтықта МАЛАЙСАРЫ бидің, батыр Махамбет ӨТЕМІСҰЛЫНЫҢ, ақын Мұрат МӨҢКЕҰЛЫНЫҢ мазарлары бар.
1978 жылы Тұздыкөлге Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед ҚОНАЕВ ат басын тіреп келді. Ол тоқтаған жерге «Димаш төбе» атауы берілген.
Тұздыкөлдің суы мен қара балшығының қасиеттілігі ерте бастан белгілі болған. Көнекөздердің айтуынша, жанына жалау, сырқатына ем іздегендер бұрын алыстан да ат арбамен келіп тұрыпты. Бүгінге дейін де солай болғанымен, шипалы жер толыққанды ел игілігіне айналмай отыр.
Тұздыкөлдің емдік қасиетін білу мақсатымен 1979 жылы Кеңестер Одағының Ресейдегі Минералды сулар аймағындағы Курортология институтына өтініш жасалып, 1980 жылы институттан ресми жауап келген. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, зертханаға жіберілген балшық, оның бетіндегі көпіршікке талдау жасалынып, «ферменттер мен дәрумендерге бай» деген қорытынды жасалған. Ең өкініштісі, кейін сол құжаттар белгісіз жағдайда жоғалып кеткен.