Жұмбақтас
Бурабайдың сыңсыған қайыңдары мен қарағайларының арасында айнадай жарқыраған Күміскөл жатыр. Сол көлдің ортасында судан шығып келе жатқандай көрініс беретін жартас бірден көз тартады. Әрбір қырынан қараған сайын, бұл жартас мың құбылып, әр түрлі жұмбақ мүсінді елестетеді. Бір қырынан қайыққа ұқсаса, екінші жағынан шашын жайған ару қыз көрінеді. Содан да болар халық оны Жұмбақтас деп атап кеткен.
Ел арасында осы Жұмбақтас туралы талай аңыз бар.
Ертеде мал-жаны мыңғырған бір бай өмір сүріпті. Оның көп ұлдарының арасында сұлу, ақылды әрі өнерлі жалғыз қызы болыпты. Күндердің күнінде сол елге әнші әрі күйші бір сері жігіт қыдырып келеді. Осында жүріп,ол байдың қызымен танысады. Қыз әкесінің рұқсат бермейтінін білген олар түн жамылып Күміскөл жаққа қашып кетеді. Мұны естіген бай жігітті өлтіріп, қайткенде де қызды тауып алып келуге бұйрық беріп, ұлдарын аттандырады.
Әке қаһарынан қорыққан ұлдары қыз бен жігіттің ізін аңдиды. Күміскөлді паналаған бірін-бірі ұнатқан екі жасты қолға түсірмек болады. Жағалауда жапырақ жамылып, садақтарын дайындап, айлап торуылдап жатады. Бір жолы екі жас қайықпен жағаға жақын келіп тоқтайды. Осы сәтті пайдаланған қуғыншылар жігітті садақпен атып салады. Сүйген жігітінен айырылып, зар еңірген жас ару батып бара жатқан күнге қолын созып, құдайға жалбарынады. Өзін қайығымен қоса тасқа айналдырып жіберуін өтінеді. Қыз тілегі орындалып, ол сол сәтте тас мүсінге айналады.
Міне, Жұмбақтастың бір сыры осындай.