«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстандағы туризм: жұмыс бәріне жетеді

2016 жылғы 01 Ақпан
16970 просмотров

Республикада ішкі және елге келушілер туризмін дамыту қажет.

Қазақстанда "Recommended by EXPO" бағдарламасын іске асыру және экологиялық туризмді дамыту мәселелері «Атамекен» ҚР  Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Туристік сала комитетінің жұмыс жиналысында талқыланды.

Сондай-ақ, күн тәртібінде ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу, ҚР-дағы ішкі және елге келушілер турзимін дамыту, экологиялық туризм жобаларын дамыту мәселелері бар.

Жиналысқа ҚР «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, ҚР «Атамекен» ҰКП Төралқасы Туристік сала комитетінің төрайымы Роза Асанбаева, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Қайрат Өстеміров, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының өкілдері, ҚР-дағы Туристік сала комитетінің мүшелері және туристік бизнес өкілдері қатысты.

Тұңғыш рет ҚР «Атамекен» ҰКП-ның пікірталас алаңында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ өкілдері алдағы көрмеге байланысты «Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 арнайы көрмесіне келушілерді тарту» деген тақырыптағы тұсаукесерін көрсетті.  

Тұсаукесер барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі Роза Асанбаева көрмені өткізу кезеңінде қазақстандық туроператорлардың алдынан ашылатын орасан зор перспективалар туралы, көрменің ресми серіктесі болған туроператорлардың қандай артықшылықтарға ие болатыны жайында айтып берді. Атап айтқанда, 20 тегін ақпараттық тур өткізу, шетелдік елшіліктердің Road Show өткізуіне арналған алаңдар ұсыну жоспарланған, олардың турлары туралы ақпарат Trip Advisor, Booking.com тәрізді халықаралық ресурстарда жарияланатын болады. «Жалпы алғанда, біз бес миллион ішкі және шетелдік келушілерді күтіп отырмыз. Келушілердің 85%-ы Қазақстаннан және 15%-ы шетелдік азаматтар, олардың 55%-ға жуығы Ресейден және ТМД-дан келетін шетелдік туристер, 19%-ы – Қытайдан, 13%-ы – Еуразиялық Одақ елдерінен, 10%-ы – Түркиядан, 5%-ы – Үндістаннан және басқа елдерден. Міне, сондықтан да, жұмыс бәріне жетеді», – деді Асанбаева. Сондай-ақ, «Recommended by Expo» бағдарламасы бойынша туроператорлар қатарына кіру үшін қандай талаптарға сай болуы керектігі хабарланды. Сонымен бірге ол белгілі бір проблемалардың бар екендігін де атап өтті, мысалы, көрмеге келушілер мен туристердің басым көпшілігіне қызмет көрсету үшін кәсіби даярланған гид-экскурсоводтар мен аудармашылар саны жеткіліксіз.

Экологиялық  туризм мәселелері жөнінде сөйлеген баяндамашы, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Өстеміров хабарлағандай, «бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен жиналыстар өткізу жоспарланып отыр, онда ұлттық парктер инвесторларды тарту мақсатымен, туризм және рекреация нысандары құрылысына пайдалануға арналған және сол үшін конкурсқа қойылатын жер телімдерін таныстыратын болады.  Жиналыс қорытындысы бойынша ұлттық парктер конкурстық рәсімдер өткізеді және тиісті келісімшарттар жасалады. Қазіргі уақытта ұлттық парктер территорияларында Австрия, Чехия және Америка тәжірибесі бойынша визит-орталықтар ашылуда. Өстеміров ұлттық парктер территориясында туристік қызметті жүргізумен қабаттасып жүрген басты түйткілді мәселелерді бөліп көрсетті, олар: инфрақұрылымның дамымауы (жолдар мен электр қуатының жоқтығы, шлагбаумдардың орнына электронды бақылау-өткізу пункттерін жабдықтау үшін қаржылай мүмкіншіліктердің жоқтығы). Аталған проблемаларды шешу үшін, мемлекеттің қолдауымен қоса, ҚР-ның Бюджеттік кодексіне тиісті өзгертулер енгізу қажет.

Юлия Якупбаева атап өткендей, ҰКП заңнамалық бастамалар жағынан қолдау көрсетуге дайын, сондай-ақ, ұлттық парктердің туристік ресурстарын ілгерілету мақсатымен, олардың әлеуметтік желілерде, блогтарда және туризм бойынша пилоттық жобаларды дамыту жөнінде белсенді жұмыс жүргізулерін ұсынды. «Көлдерді қорғау» қоғамдық қорының директоры, ҚР «Атамекен» ҰКП Туристік сала комитетінің мүшесі Марина Матвеева Майбалық көлінің ластануы туралы түйткілді мәселе көтерді. «Жыл сайын көрші құс фабрикасының 300 мың тоннадан астам қалдықтары көлге құйылуда. Бұл жағдаят экологиялық дағдарыс шегіне жетті. Тоқтаусыз шығып жатқан иістердің кесірінен жақын маңдағы территорияларда туристік топтарды кездестіру және туристік нысандар салуға арналған жерлерді игеру  мүмкін емес», – деді ол. Аталған мәселені шешу үшін мемлекеттік органдардың және мүдделі тұлғалардың қатысуымен жиналыс ұйымдастыру ұйғарылды.

Астаналық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева ішкі туризм жөнінде баяндама жасап, онда Қазақстанда туристік саладағы кәсіпкерлікті дамытудың тетіктерін зерттеу жайында айтып өтті. Астаналық қауымдастық жүргізген Қазақстандағы туризмнің ішкі нарығында қалыптасқан жағдаятты толық сараптаған салалық зерттеулер қорытындысының әкімшілік кедергілерге қатысты тұсы туристік нарық өкілдері арасында қызу пікірталас туғызды. Зерттеулердің толық таныстырылымын ҚР «Атамекен» ҰКП Туристік сала комитетінің кезекті жиналысында өткізу жоспарланып отыр.

«Хан Тәңірі» халықаралық альпинистік лагерінің директоры Дәурен Валиев республикадағы жағдаятқа байланысты ҚР-да туризмді дамыту Стратегиясын өзектілендіру қажет деп есептейді. Ол Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаеваның басқа елдерге қарағанда Қазақстанда мемлекеттік брендтің және танымалдықтың жоқ екендігі туралы пікірімен келісетінін білдірді. «Елге келушілер туризмін дамыту қажет. Біздің республикамызға визасыз келетін елдер тізімін Қырғызстандағы сияқты 44-ке дейін ұлғайтуды ұсынамыз», – деді Д.Валиев.

Жиналысты түйіндей келе, ҰКП Басқармасы төрағасының орынбасары «бұл биылғы жылғы бірінші мәжіліс, сондықтан да көптеген сұрақтар жиналып  қалды» деп атап өтті.

«Біз бәріңізді тыңдадық. Алдағы уақытта барлық проблемалық мәселелер жүйеленеді және Комитеттің 2016 жылға арналған жұмыс жоспарына енгізіледі»,– деп қорытындылады Юлия Якупбаева. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер