«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жылдам әрі арзан

2016 жылғы 09 Наурыз
16006 просмотров

Жылдам тамақтандыру мейрамханалары жылдам әрі арзан тағам түрлерінің саналуандығымен ел арасында жақсы сұранысқа ие

Астанада McDonald’s жылдам тамақтандыру мейрамханасы ашылды. Бұл оқиға елорда тұрғындарының, сондай-ақ ел ішіндегі ғана емес, шетелдік БАҚ өкілдерінің де назарына ілікті. Мейрамхананың ашылу қарсаңында журналистерге мейрамхана ішінде топсеруен ұйымдастырылып, тіпті кейбірі McDonald’s қызметкерлерінің көмегімен мейрамхана мәзірінен тағам дайындау мүмкіндігіне ие болды.

Қызметкерлер құрамы 200-дей адам болатын мейрамхана ресейлік McDonald’s мейрамханалар желісі қызметкерлерімен бірлесе отырып жұмыс істеуде. Топсеруенді ұйымдастырушылар мұндай тәжірибе мейрамхана ашылғанда әр қалада, әр елде қолданылатындығын атап өтті. Ресейден келген барлық дерлік «коучтердің» McDonald’s мейрамханалар желісінде көп жылдық жұмыс өтілі бар, көбі кезінде мейрамханаға демалыс кездерінде нәпақа табу көзі ретінде келіп, кейін тұрақты қызметкер ретінде қалғандар. Ресейлік мамандардың кейбірі мейрамхананың шетелдердегі желілерінің де ашылуына қатысқан, алайда, олар Қазақстанның ең қонақжай мемлекет екенін, ал қазақтардың әлемдегі ең мейірбан ел екенін ерекше атап өтті.

McDonald’s-тың елдегі қызметкерлеріне келер болсақ, олардың барлығы қатал сыннан іріктелгендер, яғни кейбір бос орындарға үш мыңдай адам өтініш білдірген екен. Іріктеу әңгімелесу түрінде өткізілген, жұмыс іздеушілерге «Егер достарыңыз мейрамханаға тамақтануға келгенде, сіздің еден жуып жүргеніңізді көрсе, оларға не дер едіңіз?» дегендей күтпеген сұрақтар да қойылыпты.

Қазақстандағы McDonald’s франшизасының иесі, бизнесмен Қайрат Боранбаев журналистерге Қазақстанда үш жылдың ішінде13 мейрамхана желісі ашылатындығын жеткізді.

Сонымен қатар, қазіргі таңда Алматы қаласында McDonald’s мейрамханаларына қажетті өнімдер шығаратын зауыттардан тұратын «фудтаунның» құрылысы мәселесі қарастырылуда. Қазір астаналық McDonald’s-ке арналған өнімдер Ресейден жеткізілуде.

Айта кетерлігі, Қайрат Боранбаев Белоруссиядағы McDonald’s франшизасының да иегері. Бизнесмен ол жақта да компания өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін айтып өтті.

«Өткен жылы «McDonald's Белоруссия» компаниясы Еуропадағы ең жақсы сатылатын McDonald's өнімдерінің бестігіне кірді. Ол жақта біздің 11 мейрамханамыз бар, нарықта өте табысты жұмыс істеуде», – деді өз сөзінде Қ. Боранбаев.

«Атамекен» ҰКП Сауда комитетінің Хатшылығы келтірген мәліметтер бойынша, ел арасында жылдам тамақтандыру мейрамханалары жылдам әрі арзан тағам түрлерінің сан алуандығымен жақсы сұранысқа ие. Қазіргі таңда Қазақстанда бірқатар ірі халықаралық фаст-фуд желілері (Burger King-23 мейрамхана, Hardee’s-13 мейрамхана, KFC-25 мейрамахана) жұмыс істейді. Бұл жерлерден жылдам әрі арзан бағаға тамақтануға болады. Толыққанды мейрамханалардан мұндай тамақтандыру орындарының айырмашылығы қызмет көрсету жылдамдығында, мәселен әр тапсырыс берушіге қызмет көрсету уақыты 5-10 минут болса, келушілер де мейрамханада ұзақ отырмайды (30-40 минут шамасы). Бұл бизнес қожайынына тиімді, тәулігіне отырғызатын орын айналымы жоғары болады.

Қазақстан нарығындағы халықаралық жылдам тамақтандыру мейраханалары желілерінің тәжірибелері бұл саланың табысты екенін дәлелдеп берді.

Дағдарыс кезінде мейрамханалар мен кафелерге барушылардың азайғандығы байқалса, ал фаст-фудтан тамақтанушылар саны сол қалпында.

Жылдам тамақтандыру мейрамханаларын ұйымдастырудағы жеке, жаңа әрі айрықша идеялары жемісті жұмыс істесе, болашақта жеке үлгі жасап, оны пайдалану құқын сатуға мүмкіндік береді. 

«Фастфуд» бизнесінде пайдаланылатын ерекшеліктер

  • бизнестің тиімділігі үлкен тауар айналымы мен арзан бағаға құрылған;
  • жұрт көп жиналатын орынға жақын орналасқан (кинотеатрлар, көңіл көтеру, сауда саттық, іс-шаралар);
  • тағам мен сусындарға арналған ыңғайлы әрі жақсы орамдар;
  • қосымша тегін жағдайлар (wi-fi, тегін дәретханалар және т.б.);
  • бизнестің жол бойында және ірі сауда үйлері маңында орналасуы (тұрақ);
  • халықтың тамақтанудағы таңдауын пайдалану – «Кешкілік және демалыс күндері тамақты өз қолымен дайындауды қаламауы»;
  • негізгі қолданушылар тамақтануға ниетті емес және тағам дайындау мен тамақтануға кететін уақытты үнемдеуге әуестер.

Фастфуд желілерінің жұмысын ұйымдастыруға кететін шығындар

  1. Негізгі баға (технологиялық құрал-жабдықтар, жиһаз, асханаға арналған құралдар);
  2. Әкімшілік шығындар:
  • коммуналды шығындар;
  • еңбек төлеміне қажетті шығындар;
  • ғимаратты жалға алу 1 шаршы метріне
  1. Жарнамаға арналған шығындар

Рұқсат етілетін рәсімдер

  1. Нысан құрылысын жүргізуге қажетті жер телімін алу. Әкімшілік тарапынан жер телімін бөлу – ҚР Жер кодексінің  44-1 бабына сәйкес, мерзімі 47 жұмыс күні;
  2. Жобаалды рәсімдерден өту (АЖТ, ТЖ). ҰЭМ министрінің 20.03.2015 жылғы №238 бұйрығымен бекітілген Құрылыс салудың аумақтық ережелеріне сәйкес, мерзімі – 6 жұмыс күні;
  3. Жобалық құжаттарды әзірлеу мен келісу («Мемсараптама» КМК мен меморгандардың қатысуымен кешенді сараптама жүргізу). ҰЭМ министрінің 20.03.2015 жылғы №238 бұйрығымен бекітілген Құрылыс салудың аумақтық ережелеріне сәйкес, нысан санатына қатысты 10-нан 45 жұмыс күні аралығы;
  4. Құрылыс және пайдалануға беру. Құрылыс мерзімі – ЖСҚ-ға сәйкес,  ҰЭМ министрінің 20.03.2015 жылғы №238 бұйрығымен бекітілген Құрылыс салудың аумақтық ережелеріне сәйкес, пайдалануа беру мерзімі – 17 күнтізбелік күн;
  5. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінен санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу. 2014 жылғы 22 сәуірдегі №533 ҚРҮҚ стандарттарына сәйкес, қорытындыны алу мерзімі – 15 жұмыс күні;
  6. Алкогольді сусындарды сату үшін ҚР ҚМ МКК-нің аймақтық департаментінен лицензия алу. Лицензия алу мерзімі – Қазақстан Республикасы салық қызметі органдарының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы2014 жылғы 5 наурыздағы №200 қаулысына сәйкес, 15 жұмыс күні.

Фастфуд желілерін құрылымдау кезеңдеріндегі проблемалар

  1. Сапа мен қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін ингридиенттердің сапасы (еттен жеміс-жидектерге дейін);
  2. GFSI (Global Food Safety Initiative) бекіткен Қауіпсіздік сертификаты (Food safety Certificate). Біздің елде мұндай стандарттарға ешбір жеткізуші жеткен жоқ.
  3. Әкімшілік тарапынан жер телімін бөлудің ұзаққа созылатын рәсімдері;
  4. Жобалық құжаттарды әзірлеу мен келісудің ұзақтығы («Мемсараптама» КМК мен меморгандардың қатысуымен кешенді сараптама жүргізу;
  5. Ингридиенттерді жеткізудегі тұрақсыздық (еттен жеміс-жидектерге дейін).

Еншілес ұйымдар

Серіктестер