«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақ жылқысы: тұқым қорын сақтап қалу керек

2016 жылғы 12 Желтоқсан
25305 просмотров

Мамандар қазақ жылқысының тұқым банкін құруды ұсынып отыр

Қазақ даласы кезінде жабайы жылқыны қолға үйреткен өлке болғандықтан, мұндағы асыл тұқымды жылқылар уақыт өте келе дүниежүзіндегі жылқы шаруашылығын аман сақтап қалуы мүмкін

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қарасты Агробіліктілік орталығы Қазақстанның 12 облысында жылқы шаруашылығы бойынша 32 семинар өткізді. Жылқы шаруашылығы бойынша маман, Жалпыресейлік жылқы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Александр Зайцев түкпірдегі аймақтарға соғып, ауылдардағы жылқы ұстаушыларға нақты кеңестер берді. Онымен бірге фермерлерді оқытуға Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Дәурен Сыдықов бірге барды.

– Александр Михайлович, қазақтар жылқы малын бағумен ежелден айналысып келеді. Бүгінгі таңда осы саланың біздің елдегі дамуына қандай баға бересіз?

– Қазақстан Еуразия аумағы бойынша жылқы өсіруде бірінші орын алады. Сіздердің елде табынды жылқы бағудың келешегі зор, себебі, жайылым да, жылқы саны да көп. Өткізу нарығы табылады деген ойдамын. Жылқыға сұраныс әрқашан болады ғой.

– Бұл мәселе Ресейде қандай деңгейде? Екі елдің серіктестігі осы салада қаншалықты дамыған?

– Қазіргі таңда қызық, тіпті өкінішті жағдай орын алып отыр десем болады. Біздің етті жылқы шаруашылығында ресми түрде 420 мыңнан астам жылқы тіркелген. Бірақ осылай болған күннің өзінде Ресей шикізат ретінде аргентиналық жылқы етін сатып алып отыр, осы сала бойынша екі елдің серіктес болуға мүмкіндігі бар еді. Біздегі нарық ұшан-теңіз. Келешегі зор бағыт, өйткені үйір-үйір жылқы ұстау – мал шаруашылығындағы ең аз шығын жұмсалатын сала. Аз ғана салым салынады, өте сапалы өнім береді және оған мейлінше мол сұраныс бар.

– Дәурен Алдамжарұлы, қазақ жылқысын өткізу нарығы туралы не айтасыз? Танымның алуан түрлілігіне қарай оны Еуропада өткізу мүмкін бе?

– Еуропада жылқы еті деген түсінік жоқ. Олар көбіне құлынның етін жейді, оны диета үшін тұтынады. Жылқы етін белгілі бір өнімге қосу үшін қолданады. Еуропада сөреден жілік-жілік жылқы етін көре алмайсыз. Бір кездері қазақстандықтардың көбі еуропалықтар біздің қазы-қартаны көрсе, соны жақсы көріп, бізден сатып алуды бастайды деп дәмеленген. Тігісін жатқызып айтсақ, мұнымыз абсурд. Еуропа жылқы етін ешқашан біз сияқты тұтынбайды, өйткені олар майдың бәрін техникалық деп қарастырады. Сондықтан бізге жылқы етін өңдеуді қолға алып, Еуропаға шамамен дайын өнім – жартылай фабрикатты экспорттау керек.

–Дегенмен, еуропалықтар жылқы етін тамаққа қосып жейді екен ғой?

– Біздің бизнесмендер Италиядағы жылқы етіне сұранысты зерттеген еді. 100 жылдан асып кеткен ескі зауыттар бізден жылына 50 мың тұтас ет сатып алуға әзір. Бірақ олардың нақты шарттары бар. Олардың шұжық дайындау өндірісінде кем дегенде 40% жылқы еті болуы тиіс екен. Олардың барлығы Аргентинаға тапсырыс жасайды, Аргентина оларға дайын жартылай фабрикат жеткізіп береді.   

Жуырда бір кездері Ақмола облысында бір совхозды басқарған ақсақалмен сұхбаттасудың сәті түсіп еді. Сол айтады, патшалық Ресей кезінде осында, Қоянды ауылында консерві зауыты жұмыс істепті, ол патша әскеріне жылқы етін дайындап берумен айналысқан екен.

– Александр Михайлович, РФ-да жылқы етін өңдеу қаншалықты дамыған?

– Шын мәнінде шикізаттық жол – дұрыс жол емес. Мұнда тек өңдеу қажет. Ресей бұл салада тым баяу дамып келеді. Жылқы бағу дамыды, үйір-үйір жылқы өсіру жолға қойылды, ал өңдеу тарапына келсек, көп қиындықтар бар, себебі өңдеушілердің бәрі сүйексіз етті ғана қолданады. Ал, біздегі ет комбинаттары олар сұраған ет көлемін жеткізіп бере алмай жатыр. Одан гөрі Аргентинадан сатып ала салған арзан боп тұр.

– Александр Михайлович, Қазақстанның жылқы шаруашылығынан басқа қандай проблемалар байқадыңыз?

– Табынды жылқы бағуда шешімі табылмаған бір мәселе бар. Қазақстанда шашамен 2 млн-нан астам жылқы бар, олардың 30%-ы ғана, яғни 700 мыңы ғана биелер. Бие деген жылқы басын көбейтудің, ары қарай шаруашылықты дамытудың басты шарты. Әр үйірде бие санының ең төменгі көрсеткіші 45% болып саналады. Бұл ең аз дегендегісі. Ал, жалпы алғанда бие басын 60 және одан жоғары пайызға дейін өсіру керек. Сонда жылқы санының көбеюіне мүмкіндік туады, селекциялық жұмыстарды тиімді етеді. 

– Мұндай ретсіздіктің себебі неде?

– Оның себебі көптеген жағдайларға байланысты. Біріншіден, табынды дұрыс қалыптастыру керек – айғыр мен биелерді мұқият таңдаған абзал. Ветеринарлық жағдайлары жоғары деңгейде болуы керек. Осы шарттар түзелсе, құлындар саны да өсе береді.

– Ресейде өте бай тұқым қоры бар. Қазақстан соған қызығушылық танытпады ма?

– Табынды жылқы шаруашылығында ондай қор жоқ, себебі, бізде сақталған тұқымның бәрі жылқы басын асылдандыруға қатысады деп айта алмаймыз. Қолдан ұрықтандыру арқылы тұқымды құртып жіберуге де болады. Түйткіл басқада боп тұр. Мүмкін Қазақстанда осындай тұқым банкін құруды ойлайтын уақыт жеткен шығар? Материал мәңгі сақталуы мүмкін, оған шығын да көп жұмсалмайды. Тіпті күнделікті асылдандыру жұмысында да осы тәсілді қолдана беруге әбден болады. Алтын қор сияқты болмақ. Генофондты сақтау – өте маңызды мәселе. 

– Дәурен Алдамжарұлы, Қазақстанда қолдан ұрықтандыру жүргізіле ме?

–Табынды жылқы шаруашылығында жүргізілмейді. Жекелеген бизнесмендердің сәйгүліктердің ұрығын мұз күйінде әкелгені бар еді. Бірақ бұл мәселені бүгіннен ойластырған дұрыс, өйткені ертең бәрібір алдымыздан шығады. Мәселен, күні кеше ғана тауар өндірушілер арасында біздің генофондты сақтау үшін якуттердің жылқысының генофондын қарап көру керек деген пікірлер айтылды. Мыңдаған жылдар бұрын якут жылқысын осы жерден мініп әкеткен, оны ғылым да дәлелдейді. Якут жылқысының генофондын осында әкеп, қарастырсақ, сонда қан жаңартуға болар еді. Бірақ ол қиындау боп тұр: Якутияға дейін 10 мың шақырым, ол жақтан тірі жылқыны әкелу тым қымбат. Ал, егер ол жақта тұқым банкі болса, біз сатып алып, селекциялық жұмыстарды бастап кетер едік.  

Дәл осылай біреу қазақтың жылқысы туралы да армандап жүрген болар. Мен кембридждік ғалымдармен сөйлестім. Олар кетіп бара жатып айтты: «Сіздердің ғылымдарыңыз әзірге әлсіз, бірақ оның келешегі зор» деді. Жылқы қазақ даласында қолға үйретілген. Қазіргі кезде әлемдік жылқы тұқымдары текке бағынады. Олар қолдан ұрықтандырылған, табиғи апат болған жағдайда не күйге түсері белгісіз. Бүгін болмаса да, шамамен 50 жылдан кейін ғалымдар сіздердің елге қайтып келеді, жылқы тараған осы аумақтан олардың жаңа тұқымдарын жасайтын болады. Сондықтан біздің елде алтын қор сақталуы керек, сол кезде сатуға ыңғайлы болады.        

– Қазақстанда жылқы шаруашылығына субсидия қалай бөлінеді? Осы салада мемлекеттік қолдау қаншалықты тиімді атқарылып жатыр?

– Бүгінгі таңда субсидиялар тым баяу игеріліп жатыр. Бұрмалаудың сан алуан түрлі тетіктері бар. Біздіңше, субсидияның бәрін жойып, тек бие басына ғана қалдыру керек. Қазір Қазақстанда 700 мың бие басы бар – ол 2 миллионның үштен бірі ғана. Одан тек 300 мың өсім бар, бұл – 50%. Егер қазірден тек бие басына субсидия бөлінсе, біздің есеп бойынша, 5 жылдан кейін жылқы басы 3 миллионға дейін өседі, оның 2 миллионы бие болатын болады. 2 миллион бие ең төмен көрсеткіш кезінде де, тым болмағанда 1 миллион құлын туады, жылқы жыл сайын миллион басқа көбейіп отырса, бұл біздің ел үшін керемет көрсеткіш болар еді.  

-Александр Михайлович, сіздің пікіріңізше, Қазақстандағы бие сүтін өндірудің әлеуеті қандай?

–Бие сүті өндірісі соншалықты жоғарғы деңгейде емес. Қымызға деген сұраныс әр кезде бола береді. Бірақ ол қазір маңызды емес. Қазіргі таңда басты қиындық – сүтті сублимациялық құрғату технологиясын дамыту, бие сүтінің құрғақ қорын жасау маңыздырақ. Ондай сүтті өндіріске де қолданып, шетелге де сатуға келеді, оған сұраныс бар. Баланың тамағына қосуға болады. Бие сүтін ана сүтіне ұқсатуға бағдарланған бүтін бір жобалар болған еді. Бұл саланың келешегі зор. Оның өзінің ерекшелігі бар, жылқысы бар бизнесмендерге қымыз фермаларында бие бағу технологиясын түсіндіріп отыру керек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер