«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарағандының бизнесті қорғауға қосқан үлесі

2015 жылғы 08 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
11257 просмотров

Шахтерлар астанасында кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі қызметтің қорытындысы жасалды

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы 581 млн теңге сомасына кәсіпкерлерді қорғауға қол жеткізді. 2015 жылғы 8 ай ішінде ӨКП құқықтық блогы өңір кәсіпкерлерінің 500-ден астам ауызша және 150 жазбаша өтінішін қарады.

Өтініштердің көпшілігі бизнес пайдасына шешілді және кәсіпкерлер құқығы қалпына келтірілді, деп хабарлады директордың құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Геннадий Жмук.

Геннадий Жмуктың айтуынша, жер қатынастары, сәулет, құрылыс, мемлекеттік сатып алулар, салық қатынастары, субсидиялау түйткілдері әлі күнге дейін өзекті салалар болып табылады.

«ӨКП заңгерлері 22 сот ісіне қатысты. Оның ішінде – 11 іс бойынша оң шешім шығарылса, 2 бойынша – кәсіпкерлер пайдасына шешілмеді, 9 қаралып жатыр», - деп жеткізді ол баспасөз конференциясында журналистерге.

Жыл басынан бері Палатада Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің 6 отырысы өткізіліп, онда мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері, көлік мәселелері, жер салығын алу түйткілдері, сот орындау саласындағы мәселелер, қылмыстық тергеу органдарының әрекетіне шағымдар талқыланды.

Құқықтық блок басшысы атап өткендей, отырыстар формалды іс-шаралар емес, айтарлықтай нәтиже берген. Оның айтуынша, Кеңесте түйткілдерді қарау қорытындысы бойынша, лауазымдық міндеттерін тиісті түрде орындамағаны үшін Қарағанды қаласының әкімдігі, ішкі істер департаменті, сот орындаушылардың аумақтық бөлімі қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылған, көлік саласындағы айыппұлдардың күші жойылып, сондай-ақ кәсіпкерді қылмыстық тергеу тоқтатылған. Жыл басынан бері 16 мәселе қаралып, оның ішінде 10 оң шешімін тапқан.

Жазда өткізілген «Шенеунік және кәсіпкер» акциясының аясында да жағымды тұстар баршылық: кәсіпкерлер қудалаудан қорықпастан, сондай-ақ өтініштерінің бюрократ созбалауына ілікпей шешілеріне үлкен сеніммен қарап, түйткілдерін белсендірек әрі батылырақ жеткізе бастады.

Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Қарағанды қаласы әкімдігінің жанында кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңес әрекет етеді. Үш отырыста кәсіпкерлердің 12 жеке өтініші қаралып (жер қатынастары және сәулет саласында), оның ішінде 6 оң шешімін тапты.

Жыл басынан бері құқықтық блок 50 әкімшілік кедергіні анықтады. Жергілікті деңгейде 12, оның ішінде 11 жойылды. 61 нормативтік құқықтық актіге сараптама жүргізілді. Оның ішінде 32 – ескертусіз, 22 – жағымсыз, 7 – заңнамаға сәйкес келмеуіне орай қараусыз қайтарылды.

Республикалық деңгейде 35 әкімшілік кедергі анықталды, оның ішінде 15 кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту жөніндегі заңнамаға өзгертулер енгізу жолымен жойылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер