«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қайырымдылық дүкені

2016 жылғы 17 Наурыз
- Қарағанды облысы
15333 просмотров

Сәтбаев қаласының жағдайы төмен отбасылары тек алғыс айтып, қажетті тауарларын иемденуге мүмкіндік алды

Қарағанды облысының шағын қаласы Сәтбаевта «Отбасы отбасына көмектеседі» атты қайырымдылық жобасы ұйымдастырылып, «Алғыс» әлеуметтік дүкені ашылды.

Моноқаланың тұрғындары қиын жағдайға тап болған жерлестеріне көмек қолын созбақ. Бұдан былай «Алғыс» дүкеніне  бас сұққан кез келген адам жай ғана алғыс сөзі үшін өзіне киім-кешек, аяқ киім, тұрмысқа қажетті тауарлар, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техникалар мен ойыншықтар таңдап ала алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның мақсаты «әлеуметтік оптимизмге қолдау таныту».

Тауарлар Сәтбаев қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұсынған тізім бойынша жағдайы төмен отбасыларға, зейнеткерлер мен көп балалы отбасыларға беріледі.

Тұрғындарға қажетті деген тауарлардың барлығын қаланың қайырымды тұрғындары мен кәсіпкерлер әкелуде. Сауда залының сөрелеріне қойылмас бұрын, барлық жиналған заттар қоймада, Жастар ресурстық орталығында сұрыпталады.

Қазір кең ауқымды ақпараттық кампания басталып кетті. Ұйымдастырушылар жоба аясында көмекке зәру адамдарды барынша толық қамтуды көздеуде. Кәсіпкерлер палатасының Сәтбаев қаласындағы филиалының директоры Берік Әбеннің сөзінше, жобаға жергілікті бизнес өкілдері белсенді түрде атсалысуда.

«Жақын арада мұнда нан да таратылуы мүмкін. Біздің арамызда мұндай көмекке аса зәру адамдардың бар екенін мойындау ауыр. Бірақ біз ешбір жан өз қайғысымен жападан жалғыз қалмайды деп сеніммен айта аламыз. Бастама тұрғындар тарапынан қолдауға ие болды», – дейді филиал басшысы.

Жоба Сәтбаев қаласындағы Кәсіпкерлер палатасының филиалы мен Жастар ресурстық орталығының наурыз айының басында қол қойған өзара әріптестік туралы меморандум аясында басталды.

Тауарды жинап, таратуды тікелей Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған жастардан құралған еріктілер штабының еріктілері ұйымдастырады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер