«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ғани Қасымов: «Кәсіпкерлердің құқықтары толық қорғалған кезде ғана, бизнестегі проблемалар азаяды»

2016 жылғы 01 Маусым
- Қарағанды облысы
16278 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау желісі бойынша 12 мыңнан астам арыз келіп түскен

Ширек бөлігі орталық органға тиесілі болса, қалғаны өңірлерден келген. Барлығы 111 заңгер сол мәселелерді шешумен айналысуда.

Мұндай мәліметтерді «Атамекен» ҚР ҰКП Республикалық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Ғани Қасымов Қарағандыда өткен отырыста мәлім етті.

«Екі жарым жылдың ішінде кәсіпкерлердің 33 млрд теңге болатын мүліктік құқықтарын қорғадық. Бұл біз жұмыс сапарымен келген оныншы өңір, сенсеңіздер, кәсіпкерлікті ығыстырған сорақы жайттармен бетпе-бет келуге тура келді. 40% -дан астам істе оң шешімге қол жеткіздік. Бұл Палатаға деген сенімнің артып келе жатқандығынан хабардар етеді. Сонымен қатар, бұл қаншама кәсіпкерлердің жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың өктемдігіне тап болатынын көрсететін жаға ұстатарлық мәліметтер», – деп мәлімдеді ол кездесудің ашылуы барысында.

Республикалық кеңес мүшелерінің қарауына жергілікті деңгейде шешу мүмкін болмай тұрған Қарағанды облысының негізгі проблемалары ұсынылды. Олардың ішінде негізгісі – тариф бекіту. Облыстың көптеген өңірлерінде сот ісі жүргізілуде. Онда кәсіпкерлер монополистерден электр энериясы мен жылу үшін үстеме төленген соманы сот арқылы қайтарып алуға талпынып бағуда. Бір-екі ай бұрын ғана Абай ауданындағы кәсіпкер тарифті үш есе арттыру туралы бұйрықтың күшін жоюға қол жеткізіп еді, енді компания тағы да сол мәселеге тап болып отыр. Палтаның Абайдағы филиалының директоры Надежда Перегонның мәлімдеуінше, «Абайлық жылу жүйелерінің» тыңдалымы тағы да заңды рәсімдер сақталмастан өткізілген.

«Жылумен қамтамасыз ететін компания БАҚ-қа кең көлемде хабарландыру берместен, жаңа тарифтерді бекіту туралы тыңдалым өткізген, тағы да мерзімін сақтамаған. Тағы да кәсіпкерлердің сөзіне құлақ түрмеді», – дейді Надежда Перегон.

Тағы бір жағымсыз мәліметті Долинка ауылының кәсіпкері Дана Хамзина ортаға салды. Электр энергиясының әр киловатына ҚҚС-ны қоспағанда 69 теңге төлеуге мәжбүр болып отыр екен. Естеріңізге сала кетсек, Жезқазған мен Қарқаларының кәсіпкерлері қазіргі таңда «Жезқазғанэнергосбыт» ЖШС-мен әр киловатқа бекітілген 20,6 теңге тарифына бола соттасуда.

«Сараланған тарифке сәйкес, 19:00-ден 23:00-ге дейін біз 69 теңге төлеп отырмыз, сондықтан мен барлық электр құрылғыларын өшіруге мәжбүрмін, соның ішінде тоңазытқышты да. Ауылдағы жалғыз кафені жабуға тура келді», – дейді кәсіпкер. Кездесу барысында-ақ ол облыс прокурорының орынбасары Әспенби Жарылғасовтың ресми қабылдауына қол жеткізе алды, прокурор кәсіпкерді кез келген уақытта қабылдап, мәселені шешуге ықпал етуге уәде етті.

Қарқаралы бизнесмендерінің сот ісі әбден қордаланған. Бір ғана кәсіпкер Бақытгүл Абдулинаға «Жезқазғанэнергосбыт» 1 200 000 теңге қарыз екен. Мұны монополист тарифті азайту арқылы өтеуге міндеттелген. Алайда тарифтер азаюдың орнына, қарыз күннен-күнге көбейіп барады.

Ғани Қасымов әр кәсіпкердің мәселесі қараусыз қалмайтындығына уәде етті.

«Кеңес жұмысына қоғам қайраткерлерінен, сенаторлардан, мәжілісмендерден сарапшылар тартылды. Негізгі қолдауды прокуротура тарабы көрсетуде. Ол Кеңес құрамына толық құраммен енген деуге болады. Өңірлік деңгейде шешілмеген мәселелердің соңғы шешімі табылып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалып, қайта қалпына келтірілмесе, республикалық деңгейге дейін шығарылады», – деп ойын қорытындылады Кеңес төрағасы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер