«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Облыстың үздік өндірушілері додаға дайындалуда

2016 жылғы 06 Маусым
- Қарағанды облысы
8774 просмотров

Отандық тауар өндірушілер ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткер ретінде және республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне қатысу үшін өтініш бере алады

Ел аумағында әлеуетті қатысушыларға арналған оқыту семинарлары өтуде. Байқау шарттары мен өткізілу тәртібіне алғашқылардың бірі болып қарағандылық кәсіпкерлер қанықты. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында бизнес өкілдеріне байқаулардың тәртібі мен өткізу ережелері түсіндіріліп, ұйым қызметін бағалаудың әдістемесі таныстырылды.

«Байқауларға қатысу үшін біз халық тұтынатын тауар өндірушілерді белсенді түрде шақырудамыз. Бізге брендтер, өзіміздің сауда белгілеріміз қажет. Біздің өңірімізде шығарылатын дүниелер жетерлік – гигиеналық заттар, тоқыма бұйымдар, аяқ киім, киім-кешек, тұрмыстық заттар және т.б. Егер сіз осы аталған заттардың бірін өндіретін болсаңыз, онда сіз міндетті түрде аталған байқауларға қатысуыңыз қажет. «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі – қалалық мереке, бұқаралық байқау. Тап осы жерде танылуға болады», – дейді Кәсіпкерлер палатасы сертификаттау бөлімінің сарапшысы Татьяна Юн.

Семинарға 20-дай кәсіпорын қатысты.

Адами капиталды дамыту департаментінің сарапшысы Мәдина Мұқатова ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткерлікке кәсіпорын қатысса, ал республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінде тауар бағаланатынын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, сарапшы баяндамасында түрлі көрмелер мен сыйлықтардың бір-бірінен ерекшелігінің неде екенін, «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» байқаулары несімен пайдалы екенін баян етті.

Естеріңізге сала кетсек, Елбасының Жарлығымен 2015 жылдан бері президенттік «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып келеді. Бұл ҰКП үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Байқау биыл 11-рет өткізілгелі отыр. Тағы да айта кетерлігі, өткен жылдан бері байқауға тек ғана ірі және орта бизнес қана емес, жеке кәсіпкерлер де қатыса алады.

Аталған байқаудың негізгі мақасаты мен міндеттері – отандық тауар өндірушілерді импортпен бәсекеге түсуге тарту, отандық өнімдерге деген сенімсіздікті жою, кәсіпорындарды өнім сапасын арттыруға ынталандыру.

Көрмеге қатысу тегін.

Байқауда жеңімпаз атанған кәсіпорындар дипломдармен марапатталып, жыл соңында Астана қаласында өтетін республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне қатысуға жолдама алады.

Байқауларға қатысу үшін өтініштер осы жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады. Байқаулар туралы толық ақпаратпен мына сайттан танысуға болады: www.altynsapa.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер