«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кеше дәрігер, бүгін кәсіпкер

2016 жылғы 01 Шілде
- Қарағанды облысы
5159 просмотров

Қарағанды қаласында өткен аймақтық көрмеде 14 өнім өндірушінің арасында «Ермағанбетова» ЖК ашқан «Медина» тігін салонының өнімдері үздік деп танылып, бірден білім бөлімінің тапсырысына ие болды.

«Ермағанбетова» ЖК кәсібін жезқазғандықтарға ұлттық үлгідегі киімдер мен көрпе-жастықтар ұсынудан бастады. Сапасы жоғары, ою-өрнегі бөлек, айшықты киімдер халық сұранысына бірден ие болды. Тігін салонының еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін тұтынатын өнімдерін басқа қалалардан тапсырыспен алдыртушылар көбейді. Жезқазған қаласындағы ұлттық мерекелер, салтанатты шаралар «Медина» салоны тігіншілерінің қолынан шыққан бұйымдарсыз өтпейтін болды. Қалада өз тұтынушыларын қалыптастырған салон басшылығы кәсіп аясын кеңейту үшін мемлекет қолдауына жүгінді.

«Менің негізгі мамандығым медицина қызметкері. Тігіншілікпен жас кезімнен әуестенемін. Әуелі көрші-қолаңның, тамыр-таныстың тапсырысын орындап жүрдім. Уақыт өте өзімнің қалыптасқан тұтынушыларым пайда болды. Уақыт аздығы барлық тапсырысты дер кезінде орындауға кедергі болды. Әр адамның жеке ерекшелігін, талабын ескере отырып, бір-біріне ұқсамайтын дүние жасау қызығушылығымды арттырды. Әрі түсетін табыс та жаман емес. Сол себепті мен осы кәсіпке біржола ден қоюды ұйғардым. Әрине, жеке кәсіп ашу оңай емес. Біршама қаражат керек. Отыратын ғимарат пен жабдықтар қажет. Сол себепті мен Кәсіпкрелер палатасының  Жезқазған қаласындағы филиалына хабарластым. Олар жеке бизнес жүргізудің жолдарын түсіндірді. Кеңестер алдым. Құжаттар рәсімдедім», - дейді «Медина» тігін салонының басшысы Бибхажар Ермағанбетова.

Отандық нарықта ұлттық киімдерге деген сұраныс өсіп келеді. Дегенмен, кәсіпкер үнемі ізденіс үстінде. Тұтынушылардың сұранысын зерделеп, жаңа өнім түрлерін де тігуді мақсат етіп отыр.

 «Біз өз тарапымыздан Жезқазған қаласында кәсіп ашқысы келетін жандарға мемлекеттік қолдауға қол жеткізу үшін басынан бастап, соңына дейін көмек көрсетеміз. Мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бизнес жоспарларын жасап береміз. Осының нәтижесінде Бибхажар Ермағанбетова «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 1,5 млн теңге көлемінде грантқа ие болды. Берілген қаражатты кәсіпкер ғимарат жалдап, қызметкерлер жасақтап, құрал-жабдықтар алуға жұмсады. Нәтижесі байқалып отыр. Қарағанды қаласында өткен мектеп формаларына арналған тұңғыш аймақтық көрмеде кәсіпкердің әкелген өнімдері елдің назарын бірден аударды. Бүгінде аз уақыттың ішінде білім бөлімінен мектеп формаларын тігуге тапсырыстар алып жатыр», - дейді Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасының Жезқазған қаласындағы филиалының менеджер-кеңесшісі Шолпан Қасымова.

 «Бұған дейін мектеп формаларын тігіп көрген емеспін. Дегенмен, нарық сұранысына орай бейімделу қажет. Әрі ата-аналар түрік пен қырғыз елінен алдыртқан формалардың қымбат екендігін айтуда. Сол себепті әрі арзан, әрі сапалы өнімді өзіміз неге тікпеске деген ойға келдім. Біз ұсынған формалар күнделікті киюге ыңғайлылығымен әрі қолжетімділігімен ерекшеленеді. Осының барлығы мемлекеттің қолдауының арқасында жүзеге асып отыр. Жеке кәсіп ашқаннан кейін де, бізді ұмыт қалдырмай, осындай көрмелерге қатыстырып, тапсырыс алуымызға барлық жағдайлар жасалуда», - дейді Бибхажар Ермағанбетова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер