«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауыл кәсіпкерлеріне шынымен қаржылық қолдау көрсетіле ме?

2016 жылғы 19 Шілде
- Қарағанды облысы
12156 просмотров

Екінші деңгейлі банктерден немесе банктік емес микронесиелендіру ұйымдарынан, несие серіктестіктерінен несие алған шағын кәсіпорындардың 90%-ға жуығы алған қаржысын дер шағында қайтарады

Шағын кәсіпкерлікті қаржылай қолдаудың пайдасы аз дейтін аңыз етек жайғанымен, өткен жылдардың тәжірибесі шындық мүлде басқаша екендігін дәлелдеді. Шағын және орта кәсіпкерлікке құйылған ақша өз уақытысында қайтып жатыр. Ең бастысы жұмысты ұтымды орайластырып, ұйымдастыра білу. Сонда ірі кәсіпорынды қаржыландырудан бірдей пайда түседі деген пікірде Осакаров ауданының кәсіпкерлері. Дегенмен, шағын кәсіпкерлік субъектілері бұрынғыдай қаржы-несие көздеріне мұқтаж.

«Шағын кәсіпкерліктің дамуы өте қиын. Біріншіден, кәсіпті дамытудың алғашқы баспалдағында қаржылық қолдау жоқтың қасы. Біздің ауданда негізінен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың алғашқы қаржысын әр кәсіпкер өз қалтасынан шығаруға мәжбүр. Немесе достары мен туыстарының көмегіне жүгінеді. Банктің қаржылық қолдауына қол жетпейді. Шағын кәсіпкерліктің көбісіне ол қолжетімді емес. Өйткені, іс бастаған адамның көбінде банкке кепілге қоятын меншік жоқ», – дейді Палата филиалындағы ШОК комитетінің төрағасы Ерлан Оспанов.

Оның айтуынша, технологиялық құрылғылардың лизингі де тиісті операциялардың кенже қалуынан қолжетімді болмай тұр. Лизинг алушының алғашқы жарнаны төлеуді қалтасы көтермейтіні де ақиқат. Ал, ол құрылғы бағасының 20-30% құрайтыны да жасырын емес.

«Аудан басшыларының осы жүйені өзгертудегі рөлі зор. Ауданға инвестиция тарту, капитал салуды ұйымдастыру, арзан несиеге қол жеткізуге жол ашу – ең маңызды шаруа. Алайда біздер, кәсіпкерлер, ондай қолдауды әлі көргеніміз жоқ. Әрине, бізді қаржылық институттармен жолықтырады. Әртүрлі бағдарламаларды айтып, түсіндіреді. Сол несиені алатын кезде бар кедергі шыға келеді. Ақыр соңында жүзден жүйріктер ғана суырылып шығады», – дейді Е.Оспанов.

Мәселен, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ – көктемгі егіске несие беретін қаржылық институттың бірі, олар 5-6% жылдық өтемақымен қайтарып  алады. Мұндай несиенің жылдық талдауы аудан бойынша кемігенін көрсетіп келеді, жалпы Қарағанды облысы бойынша да кеміді. Себебі – «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының кепілдігіне өткізетін меншік болмағандықтан. Биылдыққа ол корпорация қосымша 2% сыйақы алу туралы талап қойды.

Шағын және орта кәсіпкерлік комитетінің төрағасының айтуынша, Осакаров ауданы өзінің ауылшаруашылық өнімін өндірушілеріне арнап бірде бір рет бағдарлама аясында несие алып беруге бас-көздік жағдай жасамаған. Ал, «Сарыарқа» корпорациясының басшылығы кәсіпкерлерге әкімдік кепілдік берсе, аудандағы кәсіптің барлық түріне несие беруге қарсы еместігін айтады. Кәсіпкерлер ала алмаған ақша басқа салаға жұмсалып кеткен.

Жергілікті билік «Сарыбел» Несие серіктестігі» ЖШС жиынына да қатыспады. Ал, ол аудандағы ең мықты несие тарататын ұйым. Ол қарыз берген қожалық саны 62-ге жетті.

Жергілікті атқарушы билік басшылары бірде бір жиынға қатыспағанына кәсіпкерлер қатты өкпелі. Олар кәсіпкерлердің мәселесін келіп тыңдағысы келмейді. Сондықтан қандай көмек беру керектігінен де бейхабар. Қандай бағдарламалар аясында қолдау қажеттігін де айта алмайды. Несие беруші серіктестіктердің жаңа кәсіпкерлерді тарту мақсатындағы егін егу мен мал шаруашылығына қатысты жиындарына келмейді. Несие беруші серіктестіктің пайдалы жұмыс жасауы – ауданның беделін көтеретін қадам емес пе дейді кәсіпкерлер.

«Даму» қоры арқылы да несие алу оңай шаруа емес. Төрт кәсіпкер несие алғысы келсе, банкте тек бір адамға ғана қор кепілі арқылы қаржы ұстатады деп отыр кәсіпкерлер.

«Халық банкіне» өкпеміз қара қазандай. Біздің аудандағы өкілдігі бар жалғыз банк осы. Несие алу, шот ашу қиындатылған. Банк менеджері қап-қап құжат сұратады. Халық банкіде шот ашу үшін ЖШС жарғысын тұтас әкел дейді. Ал, ол үш жыл бұрын доғарылған үдеріс. Басқа банктер ондай құжат сұратпайды. Әділет басқармасының банк басшыларына, және өзге де қаржылық құрылымдарға заңды тұлғаны тіркеу бойынша заңнаманы түсіндіру жұмыстарын жүргізген дұрыс шығар», – дейді Е.Оспанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер