«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қытай тарапының сұранысы шексіз...

2016 жылғы 01 Қараша
- Қарағанды облысы
10507 просмотров

Қытай Халық Республикасынан Қарағанды облысындағы жобалармен танысу мақсатында он үш инвестор келді

Сиань қаласының кәсіпкерлері қарағандылық азық-түлік өнімдеріне, сондай-ақ өңірдің әлеуетті жобаларына қаржылық жағынан қатысуға ниет танытты. Дайын азық-түлік өнімдерін қытайлық тарап шексіз көлемде сатып алуға дайын, тек қана халықаралық стандарттарға сай болса, болғаны. Осыған байланысты жергілікті май өнімдерін, құс етін, консервілер өндіретін кәсіпорындар болашақ әріптестеріне бағасы мен көлемі көрсетілген коммерциялық ұсыныстар дайындап жатыр, осылайша олар жақын арада әлемдегі ең ірі нарықтардың бірін жаулап алуға кіріседі.

Жаңаарқа ауданында орналасқан кәсіпорын қытай инвестициясын тері және жүн өнімдерін қайта өңдеу жобасына тартуды көздеп отыр. Егер әріптестер өзара келісімге қол жеткізсе, онда ол өңірдегі осы бағыттағы алғашқы кәсіпорын атанбақ, тіпті елдегі тері мен жүнді қайта өңдеумен айналысатын ең ауқымды жоба болуы да мүмкін.

Қытай елінен келетін инвестицияға иек артып отырған кәсіпорындардың бірі – «Трубодеталь» ЖШС. Бұл кәсіпорын ЖЭС, СЭС, мұнай-газ өндіруші компаниялар мен коммуналды сала нысандарына арналған технологиялық, магистральдық және өндірістік құбыр желілерін, бу құбырларын бір-біріне жалғайтын бөлшектер шығарумен айналысады.

Қарағандылық кәсіпкерлерде идея жеткілікті болғанымен, инвесторлар қажет. Мәселен, бірегей технологиямен дайындалатын көбік-шыны өндірісінің жобасы бар. Мұнда сөз әйнектің қалдықтары мен ыдыстарды қайта өңдеп, берік әрі экологиялық таза құрылыс материалын шығару турасында болып тұр. Жоба бастамашылары өндірісті ұйымдастырып үлгерген, 200-ден астам контейнер орнатып, күн сайын 5-6 тоннадай әйнек жинайды. Олардан көбік-шыны мен шыны-газ блоктарын дайындайды. Органикалық-минералды тоңазытқыштар өндірісіндегі инновациялық технологиялардың да келешегі зор.

Өз кезегінде «Xian Chelengfeng Industrial» компаниясы химиялық құбыр желілері саласындағы жобаны іске асыру үшін, қоршаған орта мен энергияны қорғау жауапкершілігін бөлісетін әріптестер іздестіріп жүр.

Делегация басшысы, Халықаралық сауда-саттықты дамытуға көмектесу комитеті төрағасының орынбасары Джан Гынгуэннің пікірінше, өзара қарым-қатынастарды дамытудың бұл кезеңінде ауыл шаруашылығы және логистика саласындағы ортақ бизнестің басымдығы жоғары болмақ. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында келесі жылы май алуға арналған зауыттың құрылысын бастау жоспарланып отыр. Соя өнімдерін, ет пен сүтті қайта өңдеуге сұраныс бар.

Естеріңізге сала кетсек, Шаньси провинциясы мен Қарағанды облысының арасындағы әріптестік қатынастар өткен жылы басталған еді. Сонда Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы, «Xi’an Silk Road Electronic Commerce Co., Ltd» және Халықаралық сауда-саттықты дамытуға көмектесу комитеті әріптестік және сауда қатынастарын дамыту жөніндегі келісімге қол қойған болатын. Бастапқы келіссөздердің жемісі «Silk Road.City» ЖШС құру болды. SilkRoad.City интернет-платформасының алаңында ҚР және ҚХР кәсіпорындары бір-бірлері туралы өзекті ақпараттармен дер кезінде бөлісе алады. Online+offline әдісін пайдалана отырып, платформа қос елдің кәсіпкерлеріне инвестициялар іздеу мен өнімдерді өткізу бойынша толықтай қызмет көрсетеді. SilkRoad.City-дің негізгі міндеті – қазақстандық жобалар үшін инвесторлар табу, қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына шығаруға көмектесу.

«Қонақтарды Арнайы экономикалық аймақтағы ортақ индустриалдық жобаларды іскер асыруға берілетін жеңілдіктер қызықтырды. Бұл кездесу өңірлер арасындағы әріптестікті нығайтады», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Марғұлан Кәрібеков.

Джан Гынгуэн Қытай өңірі ауылшаруашылық өнімдерін және түрлі минералдарды импорттауға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Қарағанды облысына да тұрмыстық заттардан бастап, жоғары технология өнімдеріне дейінгі кез келген тауарларды жеткізуге дайын. Егер сөз жеңілдіктер мен бизнес жүргізуге арналған арнайы жағдайлар турасында болса, онда Қарағандыда Комитеттің өкілдігін ашуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер