«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«ЭКСПО-2017» көрмесіне 100 халықтық бренд ұсынылмақ

2016 жылғы 23 Қараша
9055 просмотров

Бұл мақсатта елімізде «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендтерді басқару агенттігі құрылды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен тұсаукесер жиында, «Халық маркасы» қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Римма Тәжібаева, нарықта отандық өнімдерді насихаттау мен халық арасындағы танымалдығын күшейту мұратында ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар қорытындысын мәлім етті.

«Астанада жақында есігін айқара ашқан «Халық маркасы» сауда орталығы қазақстандық тауарлармен толығуда. Бір жерге топтасқан ұлттық брендті тұтынушылардың қатары күн санап артып келеді. Ашылғанына бірер ай ғана болған бұл сауда алаңындағы тауардың барлығы отандық өндірушілердің қолынан шыққан. Шетелдік өнімдермен терезесі тең, бәсекелес болғанын қалаймыз. Бағалары қолжетімді. Маde in KZ белгісі кеңінен қанат жайғанын армандаймыз. Кеше ғана бәрін шетелден тасып әуре болсақ, бүгін жағдай бөлек. Қазақстандық кәсіпкерлер тұтынушы сұранысына лайық ұсыныс жасауда», - деп бөлісті өз үйіне жөндеу жүргізгенде және балаларын киіндіргенде толығымен қазақстандық өнімдерді қолданған, енді дастарқан мәзірін де тек отандық тағамдармен толтыруға көшкен идея авторы.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен, ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мен Сауда кәсіпорындары қауымдастықтары атсалысуымен отандық өнімдердің басын қосқан «Самғау» дүкеніндегі алаңның артықшылығы, сатушылар орынды жалға алғаны үшін бір жыл ақы төлемейді. Тауарын тегін қояды. 5 мың шаршы метрлік павильонға бүгіндері жеңіл өнеркәсіп саласындағы 10 мың тауар атауымен 100 шақты компания орналасса, болашақта 100 мыңнан астам өнім қорымен 500 беделді тауар үлгісін ұсыну жоспарда екен.  

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ, тың бастама арқасында «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендтерді басқару агенттігінің іргетасы қалануда. Сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай, келесі бағыттарда 100 бренд жобасы жүзеге асырылмақ: азық-түлік, жиһаз, үйге арналған заттар, киім-кешек пен аяқкиім және тағы басқа күнделікті тұрмыс қажеттіліктері. Жауапты белесті бағындыруға елімізге белгілі спортшылар мен өнер қайраткерлері тартылмақ.

Игілікті істің жарқын мысалы ретінде, шара барысында Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Әділбек Ниязымбетовтың құрметіне балалар спорттық киімдерін таныстыру рәсімі өтті. Қуантарлығы, қазірдің өзінде 15000 дана спорт киіміне тапсырыс түсіп үлгерген.

«ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында қаланың туристік картасына ендік, өйткені қонақтардың бәрі, оның ішінде шетелдік азаматтар көрме шымылдығын түретін 3 ай мерзімінде бірден қазақстандық өнімді іздейтіні анық. Аталмыш картаға тек отандық өнім сататын сауда орындары кіргізіледі. Оған дейін нарықта 30 пайыз жеңілдікпен сапалы 7 Duty Free дүкенін ашпақпыз», - деп қолға алған шаруаларынан баяндады Римма Тәжібаева.   

«ЭКСПО өткен соң не істейсіз?» деген сауалға «Халық маркасы» өкілі отандық бірегей тауарларды экспортқа жөнелтумен айналысатындарын жеткізді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер