Біліктілік – кәсіпкерліктің алтын кілті
«Қарағайлы» ауылшаруашылық өндірістік кооператив мал шаруашылығын дамыту үшін 41 млн теңге алды
Осакаров ауданында сүт пен ет өндіретін жаңа кооператив құрылды. Құрамына 24 кәсіпкер енген «Қарағайлы» кооперативі «Қазагро» АҚ еншілес мекемесі «Ауыл шаруашылығын қолдау» қорынан үстемесі 6 пайыздың несие алған. Бес жылға берілген қаржыға кәсіпкерлер ең алдымен сүт салқындатқыш, сүт таситын көлік пен рефрижиратор сатып алмақ. Ал кооператив құрылмас бұрын, 24 кәсіпкер «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша бизнес негіздерін оқып, сертификаттарын алған еді.
АӨК құрылуына себепкер болған «Қарағайлы» жетекшісі Хадал Мархавай отанға оралғаныма 20 жылға жуықтады, осы уақытқа дейін мұндай көлемдегі көмекке қол жеткіземін деп ойлап көрмеппін дейді.
«Бұл бір күтпеген жақсы жаңалық болды. Несие алуды ойламай, барға қанағат етіп, бір-бірімізге ғана қарайласып жүрген едік. Осакаров ауданының Кәсіпкерлер палатасы үлкен көмек көрсетіп, айналдырған 1-2 айдың ішінде шаруамызды оңалдырып алдық», – дейді кооператив басшысы.
Кәсіпкерлердің алғашқы қадамдарының нық басуына сеп болған палата филиалының қызметкерлері бірнеше мәрте Қарағайлы ауылына барып, ауылшаруашылық өндірістік кооператив құру туралы заңнаманы әбден түсіндіріп, кадастр орталығы, жер комитеті, сәулет бөлімі сияқты құзырлы органдардағы барлық іс-шараларды реттеп берді. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарын алдыртып, кепілге қойылған мүліктерді бағалаушылар қызметтерін, шаруашылық құрылыстарының пайдалануға берілу актісін сол жерде рәсімдеу, жер телімдерінің актілерін түзету сынды қызметтерді көрсетті. Хадал Мархавай кәсіпкерлер палатасының Осакаров ауданы бойынша филиалының басшысы Ботагөз Сыздықоваға алғысым шексіз дейді.
Аудан орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан Қарағайлының фермерлері енді қажетті жабдықтарын алып, облыс орталығын табиғи таза өніммен қамтамасыз етпек.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: