«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Саран кәсіпкерлері бизнес-бастамаларды қолдауға дайын

2017 жылғы 30 Наурыз
- Қарағанды облысы
9229 просмотров

Саран қаласының ірі бизнесмендері Инвестициялық клуб құрып, лайықты жобаларын ұсынатын жастарға көмегін ұсынбақ

Клуб мақсаты – моноқаладағы бизнес-бастамаларды қолдап, стартаптардың жүзеге асырылуына көмектесу. Кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен бизнесмендер келешегі зор деп таныған жобаларға ғана қаражат құюға әзір, өйткені мұндай қаржыландыру жүйесі бойынша келешекте сол кәсіпорындардың пайдасы клуб мүшелері арасында пай үлесіне сәйкес бөлінбек. Әлемде кеңінен таралған мұндай әдіс «венчурлық қаржыландыру» деп аталады. Оның негізінде банк сияқты несиелеу емес, қажетті ақшасын беру арқылы болашақ пайданы бөлісу идеясы жатыр. Венчурлық қордың қарапайым қағидалары бойынша жұмыс істейтін клубты құру бастамасын «Холдинг Алтын Арна» ЖШС директоры Ренат Минхаиров көтерді. Тәжірибелі бизнесмен сонымен қатар Кәсіпкерлер палатасының Саран қаласындағы филиалы жанынан құрылған шағын және орта бизнесті дамыту комитетін басқарады.

«Қаламыз шағын болғанымен, шығармашыл, бастамашыл жастарға бай. Олардың бұрыннан көксеп жүрген идеялары бар, бірақ онысын пайдалы кәсіпке айналдыру үшін не ақшасы болмайды, не ақылымен демеп жіберетін командасы жоқ, білімі немесе машығы жетіспей жатады. Біз осындай жастарды қаржылай болсын, басқалай болсын, қолдауға әзірміз. Бізге керегі – бизнесін бастауға шын ниетті жастар», – дейді Ренат Минхаиров.

Клубтың таныстырылымында төрт стартапер өздерінің идеяларын ұсынды. Инвесторлардың назарын аудару үшін олар әбден тырысты.

Клуб келешекте жұмысты қалай жүргізбек? Бұл мәселені жан-жақты талқыға салған кездесуге қатысушылар нақты ереже бойынша жұмыс істеуге келісті. Алдымен бизнес-жоба иелері өтініштерін Кәсіпкерлер палатасы филиалының менеджеріне өткізеді, сол жерден қажетті есептеулерін жүргізіп, бизнес-жоспарын жасатады. Болашақ кәсіп иелері жобаларын міндетті түрде Саран қаласында жүзеге асыратын болуы керек. Әбден сараланған жоба Инвестициялық клубтың мүшелеріне таныстырылып, соңғы шешім қабылданады.

Филиал директоры Яна Внукевичтің айтуынша, мұндай тәжірибе басқа да қала-аудандарда жалғасын табуы тиіс.

«Бұл клубтың жұмысы жемісті болатынына сенімім зор. «Венчурлық қор» үлгісі несімен жақсы? Мұнда екі тарап – стартапер де, инвестор да жобаның табысты болуына мүдделі. Атап өтерлігі сол, тәжірибелі бизнесмен жас кәсіпкермен тығыз байланыста болады, оны қамқорлығына алғандықтан, оған ақыл-кеңесін де береді, тәжірибесімен бөліседі, қажетті білімін береді. Яғни ақшасын ұстатып қойып, «ал, табыс әкел» деген әңгіме болмайды. Аға буын кәсіпкерлердің өздері келіп, жастарға қаржы берудің осындай жолын ұсынғандығы тіпті ерекше. Артық қаражатын жеке қажетіне жұмсамай, біреуге көмектессем деген ниеттері құрметке лайық. Сондықтан, жастардың «бизнес-періште» болуға бел буған ағаларының көңілінен шығуына тілектеспін», ­– дейді Я. Внукевич.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер