«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мақсаты барға шектеу жоқ

2017 жылғы 23 Тамыз
- Қарағанды облысы
4265 просмотров

Ағайын-туыспен ақылдасып,  істі қолға алған кәсіпкер

«Бастау Бизнес» қысқа мерзімді оқу бағдарламасының түлегі, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының 46 жастағы тұрғыны Нұрбол Жұмашев мал бордақылау бизнесін жақында ғана қолға алып, оны әрі қарай дамытуды көздеп отыр. Қол қусырып, бос отырғаннан гөрі, "Атамекен" ҚР ҰКП  ұсынған «Бастау бизнес» бағдарламасының аясында 6 пайыздық мөлшерлемемен 3 миллион 600 мың теңгені 5 жылға несиеге алып, өз жеке кәсібін дөңгелете бастады.

«Тракторшының оқуын бітіріп, бірнеше жыл сол мамандығым бойынша жұмыс істедім. Кейін денсаулығыма байланысты жұмыстан кетуге тура келді. Ара-тұра ауылда жеңіл жұмыстарды істей бастадым, аула сыпырып, тазалық жағын қадағалап жүрдім», - деп бастады өз әңгімесін бүгінгі кәсіпкер Нұрбол.

Нұрбол 2-топтағы мүгедектігіне қарамастан, алға қойған мақсатына бек сеніммен адымдап келе жатқан, бизнеске жаңа кіріскен кәсіпкерлердің бірі. Үкіметтің қолдауымен бизнес ашсам деген арманын бүгін орындады.

«19 мамырда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бірінші ағымда 14 шәкіртім сертификат алып шықты. Соның ішінде жетеуі несие алып, бизнес жоспарына сәйкес өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік алды», – дейді Ақтоғай ауданы бойынша Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Ләззат Жанысбаева.

Сол 7 шәкірттің бірі – біздің бүгінгі кейіпкеріміз Нұрбол Жұмашев «Бастау Бизнес» туралы алғаш рет теледидардан естіпті.

«Жобағы қызықтым. Ауылда осы жоба бойынша кім және қалай айналысатыны туралы ақпаратты тауып алып, жөн-жосығын сұрастырдым, ағайын-туыспен ақылдасып, ақыры істі қолға алдым. Алғашқы ретте қорқыныш болғаны рас. Қорқақтың сылтауы қойнында дейме қалай өзі, сол сылтаудың бәрін шетке қойдық», – деп ағынан жарылды.  

Жалпы, сапалы ет пен майды көбірек өндіру үшін малды сояр алдында жемге байлап қолдан семіртеді, яғни бордақылайды. Бордақылау мерзімінің ұзақтығы түліктің түріне, малдың жасына, әуелгі салмағы мен қоңдылығына байланысты дейді кәсіпкер Нұрбол.

Кәсіпкердің айтуынша өңірде мал бордақылауға барлық мүмкіндік бар. Қазір 7 бас бұзау алып, оны жалдамалы жерде ұстап отырған кәсіпкер үшін қыстаққа жер алуды барынша тездету керек. Алдағы уақытта маңызды жоспарлардың бірі – техникамен қамдану қажеттелігін де тілге тиек етті.

Жалпы Қарағанды өңірі бойынша 3000-нан астам басты қамтитын 2 ірі бордақылау қожалықтары – «Сарыарқа» ауыл шаруашылық өндірісі және «ЖӘКЕ» шаруа қожалығы жұмыс істейді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер