«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жетісу жастарын кәсіпкерлердің табыс оқиғаларымен жігерлендірмек

2018 жылғы 09 Сәуір
- Жетісу облысы
5019 просмотров

Талдықорғанда Business Connect жобасы бастау алды

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әсел Көбентаеваның айтуынша, жоба жас кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға, тәжірибе алмасу мен әріптестік байланысты орнатуға бағытталған. Жоба аясында Кәсіпкерлер палатасы студенттер мен жастарға бизнес өкілдерінің табыс оқиғалар топтамасын ұйымдастырады.

Business Connect алғашқы кейіпкері - 28 жастағы Дәурен Серікұлы. Ол Талдықорғандағы La Flamma ресторанының иелерінің бірі. Халықаралық туризм менеджерін бітірген кәсіпкер ресторан бизнесіне дейін құрылыс және ауыл шаруашылығымен айналысқан. Осы салаларда жинақтаған білімін ол мейрамхананы бір жыл ішінде қаладағы ең үздік орынға айналдыруға жұмсады. 

Кәсіпкермен кездесуге студенттер мен жас кәсіпкерлер келді. Дәурен Серікұлы мейрамхана ашпастан бұрын серіктестерімен бірге қоғамдық тамақтандыру саласында терең сараптама жүргізгенін айтады.

«Талдықорған - мегаполис емес, сондықтан біздің әлеуетті клиенттеріміз ретінде экономикалық жағынан белсенді азаматтарды санаймыз. Адамдар біздің мейрамханаға үнемі келіп отырулары үшін ерекше тағам түрлерін ойлап таптық, ас мәзірінің күнделікті жаңартып отырамыз. Сонымен бірге, біздегі стиль мен дизайн өзгеше. Көптеген келушілер мейрамхананың ерекше атмосферасы мен жұмыс істеу тәсілімізді ерекше атап өтуде», - дейді кәсіпкер.

Осылайша мейрамхана бір жыл ішінде қала тұрғындары мен қонақтары арасында беделге ие болды. Қазіргі таңда мейрамханаға күніне 300-400 адам келіп тұрады.

«Бизнесті ашу мен жүргізу барысында аса бір үлкен қиындықтар болған жоқ. Тіпті болмады деуге де болады. Жалпы, қазіргі таңда кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Сол себепті бизнесті несиеге емес, жеке қаражаттар есебінен ашқан дұрыс», - деп атап өтті.

Дәурен Серікұлы кәсіпкер үшін көп еңбек етіп, ұжымның пікіріне құлақ асу маңызды екенін айтады.

«Қаламызда түнгі клубтар жиі ашылып, жарты жылдан соң жабылып жатады. Оған әр түрлі себеп бар. Сондықтан әрбір істе жақсы маркетинг болуы тиіс, халықтың әлеуметтік топтары мен барлық талап-тілектеру ескеріліп отыруы қажет. Әрине, мекеме ең басында ашылғанда келушілер саны көп болады. Жас кәсіпкерлер осындай ағылу жалғаса береді деп ойлайды да, жұмыстың барлығын әкімшіге қалдырады. Бірақ қоғамдық тамақтандыру саласында өмір сүру керек, таңертеңнен кешке дейін мейрамханада еңбек ету керек», - деп кеңес береді кәсіпкер.

Сонымен бірге ұжымның көзқарасын біліп, оларды сервис пен менеджментті жақсарту бойынша жұмысқа тарту керек, дейді бизнесмен.

La Flamma қайталанбас ас мәзірін де атап өту керек. Тағамдар «отында» дайындалады және олар «халал» талаптарына сәйкес келеді. Бүгінгі таңда кәсіпкер жұмыспен 30 адамды қамтамасыз етуде және алдағы уақытта ресторан бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Кездесу соңына қарай Дәурен Серікұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, алдағы уақытта жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер