«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сауда орталықтарындағы келелі кеңес

2018 жылғы 25 Шілде
- Жетісу облысы
6677 просмотров

Талдықорған сауда үйлерінде кәсіпкерлерді қабылдау апталығы басталды

Облыс орталығындағы «Еуразия» сауда үйінде Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Атамекен» кеңес береді» атты акциясы өтті. Шара аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының жетекші сарапшылары  сауда орталығында бизнес өкілдері мен сала қызметкерлеріне сауда ісін жүргізу, салық  кодексіндегі жаңалықтар, мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді төлеу тәртібі, несие алу және тағы да басқа өзекті сұрақтар бойынша кеңес берді. 

Өңірлік палата сарапшысы Салтанат Тортаеваның сөзінше, аталмыш акцияның сауда орталықтарында өткізілуі кездейсоқ емес. Сауда саласы экономикада қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі және сол себепті жан-жақты қолдау мен проблемалық мәселелерді шешуді талап етеді. Сонымен бірге, сауда саласының өкілдері құқық бұзу фактілерімен ең жиі кездесетін бизнес өкілдері. Әсіресе, жалға алу құны, мүлікті сақтандыру мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету сұрақтарында көрініс табады.

«Аталмыш шараны жыл басында қаланың ірі сауда үйлерінде ұйымдастырғанбыз. Аудандарда Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығының кеңесшілері 60-тан астам сауда орталықтарында кеңес жүргізген», - деді Салтанат Тортаева.

Талдықорғанда 60-қа тарта сауда үйі бар. 2018 жылдың алты айында бөлшек тауар айналымы 26 млрд 172 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8,2%-ға көп.

Дүкендерді аралау барысында кәсіпкерлер қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары, Салық кодексіндегі жаңалықтарды сұрады.

«2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңына сәйкес әлеуметтік төлемдер 3,5%-ды құрады. Бұл төлемдер ай сайын ұйым есебінен төленіп отыруы тиіс. Осыған дейін төлемдер тоқсан сайын жүргізілетін. Әлеуметтік төлемдер бойынша жоғары шектік мәні 9 900 теңгені құрайды және бұл соманы келесі айдың 25-ші жұлдызына дейін төлеуі керек», - дейді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының маманы Бауыржан Қабдрахманов.

Әр кезең бойынша төлемеген жағдайда өсімпұл қарастырылған және сақтандырудағы қатысушы өтілі есептелінбейді. Сондықтан сарапшылар кәсіпкерлерге ай сайын әлеуметтік төлемді аударып отыруға кеңес береді.

Менеджер-кеңесшілер мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдікпен несие алудың жолдарын айтып берді.

«Бизнес өкілдері Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау арқылы «Кәсіпкер» бағдарламасына қатысып, 6 млн-ға дейін несие ала алады. Аудан тұрғындары кепілзат етіп ұсынған жылжымайтын мүлік кез келген материалдан болуы мүмкін және орналасқан жерін маңызды емес. Бұл бағдарламаның басты артықшылығы. Қала тұрғындары несиелендіруге екінші деңгейлі банктер арқылы қатыса алады. Қаражатты беру туралы оң шешім шығарылған жағдайда «Даму» қорының желісі бойынша несиені кепілдендіру бағдарламасына қатыса алады», - деп атап өтті кеңесшілер.

Светлана - 20 жылдық өтілі бар кәсіпкер. «Шаған» сауда үйінің ашылғанынан бастап осында балалар мен үлкендерге арналған киімдерді сатумен айналысады. Айтуынша, сауда саласына мемлекеттің ерекше қамқорлығы керек.

«Саудада жүрген кәсіпкерлерде демалыс деген болмайды. Жүмысымызға толығымен берілгенбіз. Бүгінде көптеген қалалар, соның ішінде Талдықорған да сауданың арқасында дамып келеді. Сондықтан ынталандыру, қаржылай қорғау ретінде қолайлы жағдай туғызу қажеттілігі туындады», - дейді кәсіпкер.

Алдағы уақытта «Атамекен» өкілдері облыс орталығындағы «Дәулет» және «Сити плюс» сынды ірі орталықтарында кеңес беру шараларын жүргізбек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер