«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұн тартушылардың мәселесі қалай шешіледі?

2018 жылғы 25 Тамыз
- Қарағанды облысы
4393 просмотров

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы өңірдегі ұн тартушыларды жылжымалы составпен қамтамасыз ету жағдайын бақылауға алып отыр. Еске салсақ, былтыр бидай өсірушілер мен ұн тартушылар дабыл қағып – өнім жөнелтуге вагон жетіспеушілігі мәселесін көтерген еді. Осындай жағдайды болдырмас үшін облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаровтың төрағалығымен «Қазақстан темір жолы» АҚ өкілдері мен Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы кездесу өткізді.

Жиында жұмыс қорытындысы, егіндік көлемі мен үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

2018 жылы темір жол көлігімен шамамен 10 млн тонна дәнді және майлы дақылдарды жеткізу жоспарланған, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 10%-ға жоғары. Республика ішінде және экспортқа жөнелтетін негізгі аймақтар Қостанай, Қарағанды, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысы саналады.

Жиынға қатысушылар көлік қызметінің сапасын арттыру, жылжымалы составты пайдаланудың тиімділігін жоғарылатуға баса назар аударды.

«ҚТЖ-Жүк тасымалдау» АҚ бас директоры орынбасарының м.а. Сағындық Жұмабаевтың айтуынша, вагон жетіспеушілігінің басты себебі ­– оның айналымының төмендеуі, бекеттерде ұзақ тұрып қалуы, жүктің тиелуі мен түсірілуінің ұзақтығы

«Қолда бар вагон паркі уақытылы тасымалдауға жеткілікті. Бастысы – тиімді пайдалану. Бұл жүк жөнелтушілерге, вагондарга жүк тиейтін элеваторларға да байланысты», ­- деп атап өтті С.Жұмабаев.

Биыл 1 қазаннан бастап «ҚТЖ» ҰК» АҚ бидай тасымалдауды ұйымдастыратын арнайы штаб жұмысын бастайды. Қостанай және Ақмола облыстарындағы темір жол бөлімдерінде жедел дақылды топтар жұмысын тәулік бойы ұйымдастыру жоспарланған. Бірақ Қарағанды ұн тартушылары екі өңірге ғана басымдық танытқанына наразы.

«Қостанай дәнді-дақыл өсіруде үздік өңір екенін жасырмаймыз. Бірақ Қарағандыда қайта өңдеудегі көлем ауқымды. Біздің өңірде – 24 ұн тартатын компания бар, оның 15-сі үздіксіз жұмыс істеп отыр. Тасымалдау тежелгенде қайта өңдеу көлемі мен экспортқа шығуды да ескеруіңізді сұраймын», ­- дейді «Мутлу» ЖШС директоры Досмұқасан Тәукебаев.

Сонымен қатар ұнды экспорттау мен вагон жеткізудегі тежелістер мәселесіне де жекелеп тоқталды.

Бұл мәселеге қатысты С.Жұмааев бидай тасымалдауда жаңа технологияны енгізу жұмысына тоқталды. Атап айтқанда «Құрық-Алаят-Ахалкалаки-Карс-Мерсин» жаңа бағыты бойынша жүк жеткізу жобасы туралы баяндады. Келешекте ай сайын осы бағыт бойынша 10 мың тоннаға дейін бидай тасымалдау жоспарланған.

Қазақстан өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін таяу және алыс шетелге тасымалдауда жеңілдетілген тариф шарттарын қарау бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінде Ауғанстан мен Иранға бидай мен ұн жеткізудегі жүк тасымалына тарифтік шарттар қолданылады.

«Біздің мақсаты – қайта өңделген өнім экспортын ұлғайту. Мұнымен қоса біз ауған нарығының бір бөлігінен айрылып қалдық. Мәселенің шешу жолын талқылауымыз керек», - деді облыс әкімі Серік Шайдаров.

Ұн тартушылар былтыр ғана дабыл қаққанымен, бұл мәселе 2011 жылдан бастау алған.

«Өзбекстанда ұн тарту қуатына сол кезде-ақ назар аударған. Нәтиесінде олар бізден бидай алып, қайта өңдеп, Ауғанстанға жөнелте бастады. 2013 жылы тасымалдау тарифі 2-3 есе өсті. Оан кейін экономика тұралады, вагон тоқтады. Бұл нарық! Қазір не бәрін жоғалтамыз, не ұтысқа шығамыз», - дейді «Мутлу» ЖШС басшысы.

Ұн тартушылардың айтуынша Өзбекстанда өнім Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан. Ал отандық ұн тартушылар тарифті көтерілуінен бағаны төмендете алмайды.

Өндірушілер шешімнің 2 жолын ұсынды: әрекет етудің қарама қарсы шараларын енгізу және қайта өңдеушілердің көлік шығынын сусбсидиялау.

«Біз нақты ұсыныс дайындап, Үкіметтің қарауына ұсынуымыз керек. Өткізудің жаңа нарығын іздеуіміз керек. Мысалы Қытайды алсақ, макарон, кондитерлік өнім секілді дайын өнімдерді сатып алуды қалайды. Екінші бағыт бидайды қайта өңдеу. Бізге келісімге келіп, ынтымақтастықтың мәселесін талқылау керек. Осылайша Қарағанды ұнын Қытайға жөнелте аламыз, «Атамекен» сіздер үшін Қытай нарығын ашып отыр», - деді өңірлік палата басшысы Ернар Күлпейісов.

Жиынды қорытындылай келе, жүк жөнелтушілерге уақытылы жөнелту мен тиеуді бақылауға алу тапсырылды.

Қатысушылар осындай талқылаудың тиімділігін, нақты ақпарат алуға, шешім шығаруға ықпал ететін атап өтті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер