«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұн экспортына қатысты мәселелер талқыланды

2018 жылғы 29 Қараша
- Қарағанды облысы
9844 просмотров

Келіссөздер жүргізуге өндірушілер, тасымалдаушылар мен Кәсіпкерлер палатасы өкілдері жиналды.

Қарағандылық ұн тартушылар өнімді тасымалдау, вагондарға тапсырыс беруде көп кідіру, станцияларда вагондардың тұрып қалуы мәселелеріне шағымданды. Осындай себептерден кәсіпкерлер қосымша шығын көріп, шетелдік серіктестерден айырылуда.

Осы мәселелерді шешу мақсатында Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы жиынды ұйымдастырды, оған өндірушілерден бөлек, «Экспресс» ҚТЖ тасымалдаушылар, «ҚТЖ – Жүк тасымалдау» АҚ өкілдері қатысты. Жиынға қатысушылар түйткілдердің себептерін анықтауға тырысты.

 Бидай өнімдерін ору науқаны биыл уақытында басталған жоқ, сондықтан ұн тартушылар да жұмыстарын 15 қыркүйектен кейін жай бастаған. Көп диқандар мен диірменшілер келісімшарттарды қазан айында бастағандықтан, диірмендердің жұмыспен жүктелуі енді ғана жүріп жатыр.

 «Қыркүйекте халықаралық және республика аралық вагондармен қамтамасыз ету статистикасы 50%-ды,  қазанда – 40%-ды құрады, ал қараша айында біз небәрі 35%-ды ғана байқап отырмыз. Біз экспортты құлдыратып отырмыз. Айдың басынан Қарағанды облысына небәрі 3 вагон ғана жіберілді, бұл өте аз. Мәселен, Өзбекстанға экспорт жасау үшін мен бір ай бойы вагондарға қол жеткізе алмай әлек болдым. Бұндай жағдайда мен ғана емеспін. Бізге ҚТЖ жоспармен кезең-кезеңмен жүктеуді ұсынуда, ал шетелдік серіктестер болса жаңа жылға дейін сатып алуға дайын, сондықтан негізгі жоспарлар желтоқсан айына белгіленген. Мен өзім желтоқсанда Ауғанстанға – 40 вагон, Өзбекстанға – 20 вагон, Қазақстан бойынша – 20 вагон жөнелтуді көздеп отырмын. Біз вагондарды қамтамасыз етіп, станцияларды тұрып қалуды доғаруды сұраймыз», – деді «МУТЛУ» компаниялар тобының директоры Дос-Мұқасан Тәукебаев.

Өз кезегінде  «ҚТЖ – Жүк тасымалдары» АҚ  жабық вагондар мен бидай тасымалдағыштардың жетіспеушілігін Сарыағаш станциясында жүк жұмыстары көлімінің артуы мен жолдарда жүктің тұрып қалуымен түсіндірді. Жүктеу көп болғандықтан, вагондарды жолға беру тежеліп тұр. Бұған қоса вагондардың жолдарда тұрып қалуынан компанияның өзі шығындалып отыр деп мәлімдеді ҚТЖ өкілі.

 «Иә, мәселелер бар, мойындаймыз. Сарыағаш учаскесінде вагондардың кептелісі орын алып, 40-қа жуық пойыздар тұрып қалып жатыр. Өйткені өзбек тарапы өнімді қабылдамай отыр. Дегенмен, тәулігіне 27 пойыз жөнелтіп жатырмыз. Бүгінде біздің орталықтағы өкілдеріміз Ташкент пен Сарыағаш учаскесінле жағдай реттеу үшін кетті. Сонымен қатар біз пайда болған мәселені реттеу үшін ресейлік вагондардың кіруіне тиым салдық», – деді «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ  логистика бойынша Қарағанды филиалы директорының орынбасары Азамат Сәкен.

 Қарағанды облысында 24 ұн тартатын  кәсіпорын бар, оның 21-і жұмыс істеп тұр. Осы ретте ішкі сұранысты 1 диірмен қамтамасыз ете алады.

 «2018 жылы теміржол көлікпен шамамен 10 млн тонна дәнді және майлы дақыл түрлерін тасымалдау жоспарланған. Теміржолшылар қазанның бірінші онкүндігін жақсы аяқтады, 144 вагон тиеді. Жүк жөнелтушілер вагондарды уақытында жөнелтуге бақылау жүргізуге уәде берді, бірақ қарашада, біз көлемді арттырған уақытта жағдай қиындап тұр», – деді Дос-Мұқсан Әріпұлы.

 «KTZ Express» ЖШС өкілі Ербол Сәрсенбаевтың айтуынша, өңірде арнайы (шамамен 500 вагон) ұн мен бидайға ғана арналған және басқа жүкке пайдаланбаған вагон паркі құрылған. Мұндай форматта жұмыс істеу вагондарды жедел жөнелтіп, тауарды тұтынушыларға жіберуге мүмкіндік береді. Осы ретте теміржолшылар айналым жылдам орындалуы үшін жүк жөнелтушілерден жүк тиеу-түсіруге кететін уақытты қысқартуды сұрайды.

 «Қазіргі таңда бұл паркке 2 574 вагон берілген, олар ұн тасуға арналған және қосымша жууды қажет етпейді. Вагондар Орта Азияға қарай бағыт алады, олардың басым бөлігі Ауғанстанға жөнелтіледі. Бұл вагондар басқа өңірлерде басқа жүк тасымалдауға жұмсалмайды және ұн өндіретін өңірлерге ғана бағдарланған.  Сіздердің бізге ғана шағымдарыңыз бар, бірақ бізден басқа тасымалдаушылар бар емес пе, бірақ олардың қызметі қымбаттырақ. Олармен жұмыс істегілеріңіз келмейді», – деді Ербол Сәрсенбаев.

Қазіргі таңда Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары жүк вагондарының тапшылығы ауқымды мәселе және республикалық деңгейде шешуді талап етеді деп санайды.

 «Биыл осы мәселелердің барлығы уақытында реттеліп жатыр, оған құрылған штаб септігін тигізуде, штабты Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров басқарып отыр. Бәріміз былтыр қатты қиыншылық көрдік, биыл экспорттың төмендеуіне жол бермейміз деген үміттемін», – деді Қарағанды обылсы ӨКП директоры Ернар Күлпейісов.

 Қарағанды облысының ұн тартушылары жиынды қорытындылай келе бақылау органдары және көлікпен қамтамасыз ету қызметі өкілдерін тығыз ынтымақтастыққа шақырды. Тығыз қарым-қатынас өңірлің өндірушілерге Қазақстанның ғана емес әлем экспорты рейтингінде қайтадан көтерілуге жол ашады.

 Бұл өтінішке ҚТЖ өкілдері былай жауап берді:

 «Ұн тартушыларға Ауғанстанға бірыңғай құрам қалыптастыруға өтінім беруді ұсынамыз. Бұл дегеніміз 66 вагон. Шекараның Өзбекстанға қарай қатты жүктелуіне байланысты өнімді Қазақстан бойынша ғана таратуды немесе жеке тасымалдауларды пайдалануды ұсынамын», – деді ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ  логистика бойынша Қарағанды филиалы директорының орынбасары Азамат Сәкен.

Жиын қорытындысы бойынша жағдайды реттеуге қатысты бірқатар ұсыныстар жасалды.

«Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, қарағандылық ұн өнімінің экспорты ұлғайту мақсатында ҚТЖ-ға жабық вагондарды қамтамасыз етуді қарастыруды ұсынамын. Сонымен қатар ҚТЖ әкімшілігімен тығыз байланыс орнату мақсатында кездесу ұйымдастыру  керек. Ал ұн тартушылар мәселелер жайында уақытында хабарлап отырғаны абзал», – деп қорытындылады облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Сағынжан Апақашев.  

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер