«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 822 адам оқуды аяқтады 

2019 жылғы 15 Тамыз
- Алматы қаласы
8209 просмотров

Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында хабарлады.

Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында, Алматы қаласындағы «Бастау» және «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды бизнеске оқыту жобалары бойынша оператор болып табылады. Сонымен қатар, Палата алматылықтарды жұмыспен қамтудың Мобильді орталықтары арқылы, жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетеді.

Осы уақытқа дейін «Бастау» жобасы облыстар мен аудан орталықтарында жүзеге асырылған болатын, ендігі кезекте бұл оқыту жұмыстары Алматыда да бастау алды.  2018 жылы «Бастау» жобасы бойынша республикамызда 28 мың адам оқытылды, оның 19,5 мыңы (60%) бизнес-жобаларын қорғады. Жобаларын жүзеге асыру мақсатында 8 мың адам шағын несие алды.

«Алматыда алғаш рет «Жас кәсіпкер» жобасы биыл іске асырылуда. Курс тыңдаушысына ниет білдіргендер үшін, алғашқы тестілеу 6-7 қыркүйекте өтеді. 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланғандықтан, «Атамекен» «Бастау» жобасы аясында тағы бір жобаны іске қосты, ол жастарды кәсіпкерлікке тарту мақсатындағы «Жас кәсіпкер» бағдарламасы», – деп атап өтті Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.

Шілде айының соңында Алматыда «Жас кәсіпкер» жобасы басталды — бұл 18-29 жас аралығындағы жастарды кәсіпкерлікке тегін оқыту. Курс уақыты 21 күнге созылады және соңында қатысушылар 6% жеңілдікпен несие немесе өз бизнесін ашу үшін 500 мың теңге көлемінде тегін грант ала алады. Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, бүгінгі таңда курстың алғашқы легінің тыңдаушылары 822 адамды құрады, ал енді қазір екінші лек бойынша оқыту басталады, оқуға өтінімдерді кәсіпкерлер палатасының филиалдарында және Кәсіпкерлерге қызмет көрсету жұмыспен қамту орталығының өкілдіктерінде беруге болады. Сондай-ақ Qoldau.atameken.kz сайты арқылы онлайн өтінім беруге болады.

«Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша біз желтоқсан айына дейін Алматы қаласында 2650 адамды, ал «Бастау» бағдарламасы аясында – 6400 адамды оқытуды жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласы бойынша «Бастау» және «Жас кәсіпкер» жобаларының жетекшісі Қуанышбек Ерниязов.

Сонымен қатар, Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі.  Бүгінгі таңда оңтүстік Елордада 8 мобильді жұмыспен қамту орталықтары жұмыс істеуде, онда бизнес-курстарға, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курстарға жазылуға және бос жұмыс орнын таңдауға болады. Жақын арада қаланың халық көп шоғырланған жерлерінде, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жиналатын жерлерде, базарлар мен вокзалдардың жанында осындай 4 орталық ашылатын болады.

«Біз бұл жерлерде өтініш білдіргендерді базаға тіркейміз, бос жұмыс орнын таңдауға немесе жаңа мамандық алуға көмектесеміз. Мысалы, кәсіпорын базасында өткізілетін «Еңбек» нәтижелі жүмыспен қамту бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курстарға жазылуға болады. Таңдауы бойынша 50-ге жуық түрлі мамандықтар бар. Сондай-ақ, барлық ниет білдірушілерге «Бастау» және «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша курстарға жазылуды ұсынамыз», – деп айтып кетті Нариман Әбілшайықов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер