«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

СҚО-да карантин салдарынан кәсіпкерлік субъектілерінің саны қысқарды

2020 жылғы 18 Қыркүйек
- Солтүстік Қазақстан облысы
7771 просмотров

Бүгінгі таңда өңірде мыңға жуық кәсіпкердің жұмысы тоқтады, соның салдарынан өндіріс көлемі, сондай-ақ жұмыс орындары қысқарды. Солтүсік Қазақстан облысы бизнес-қоғамдастығының осы және басқа да мәселелері өңірлік кеңестің «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевпен өткен кездесуі барысында талқыланды

 Еске салсақ, 15-18 қыркүйек аралығында «Атамекен» ҚР ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев облыстар кәсіпкерлері, сондай-ақ Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары кәсіпкерлер палаталары жанындағы өңірлік кеңестердің мүшелерімен онлайн-кездесулерді өткізді. Ағымдағы бизнес проблемалары туралы бірінші болып Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарының кәсіпкерлері хабарлады.

 Солтүстік Қазақстан облысындағы экономикалық ахуал жайында Өңірлік кеңестің төрағасы Олег Иванов ақпараттандырды. Атап айтқанда, бүгінде СҚО-да жұмыс істеп жатқан шағын және орта кәсіпкерліктің  29 572 субъектісі бар. Ұйымдастырушылық-құқықтық форма туралы айтатын болсақ, осы көлемнен 5701 немесе 20%-ы заңды тұлға, 19 335 жеке кәсіпкер (65%) және 4 536 шаруа қожалығы (15%).

 Осы ретте ТЖ режимін енгізуге дейін Солтүстік Қазақстан облысында 30 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі болды, онда 104 мыңнан астам адам жұмыс істеген. Алайда шектеулерді алып тастаған соң, 29 мың кәсіпкерлік қызметін қайта бастады, жұмыскерлер саны 100 мыңнан сәл асады.

 «Осылайша карантинді енгізу салдарынан облыста 1 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі қызметін тоқтатты. Жұмыскерлер саны 4 мың бірлікке, ал өндіріс көлемі – 15 пайызға қысқарды. Білім беру саласында қызметкерлер саны азайды. Сауда саласында қысқару көлемі үлкен – 2 мыңнан астам адам қысқарды, ары қарай өнер, ойын-сауық және демалыс, қызмет көрсету саласы, – екі салада жұмыскерлер саны мың бірлікке қысқарды», – деп атап өтті СҚО Өңірлік кеңесінің төрағасы Олег Иванов.

Сондай-ақ спикер соңғы екі жылда солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді мазалап жүрген Ресей-Қазақстан шекарасында жүктерді тасымалдау мәселесін көтерді. Ресей шекарасындағы бекеттердің көбінде жүк тексеретін сканерлер жоқ, ал сканерлер бар бекеттерде техника жиі істен шығады. Проблема Солтүстік Қазақстан облысы және РФ Қорған облысы арасында орын алған.

«Демек, әр көлік құралы бойынша техникалық өткелдерді құру керек, бұл дегеніміз тасымалданып жатқан тауар көлемінің 20%-ы, немесе тексеру пунктінде тауарды тиеп/түсіру керек. Ол үшін арнайы бригада жасақталған, олардық қызмет көрсетуі әр автомобиль үшін 50 мың теңгеден басталады, бұл жағдайды карантиндік іс-шаралар тіптен қиындатқан, осы бригадаларды барлық жерге бірдей кіргізе бермейді, кейбір жерлерде бригадалар тіптен жоқ. Сондықтан тасымалдаушыларға сканері бар көршілес бекетке баруға тура келеді (орта есеппен жол жүрісі 700 км-ға артады). Ал бұл дегеніміз қосымша шығын, оның салдары тауардың өзіндік құнына әсер етеді. Осылайша, сканерлер проблемасы салдарынан бизнес қосымша шығынданады, орта есеппен – тәулігіне 19 млн теңге, ал 5 ай ішінде бұл сан 3 млрд теңгеге дейін жетеді», – деп атап өтті Олег Иванов.

Осы ретте қазақстандық тараптан тексеру өткенде мұндай қиындықтар болмайды.

 Бұл мәселенің шешімі ретінде СҚО кәсіпкерлер Ресей Федерациясының шекара қызметінің мемлекеттік шекарадан өту кезінде технологиялық өткелдерге деген талапты алып тастауды ұсынады. Сонымен қатар тексеру кезінде авто көліктерге қойылатын нақты жіктемені белгілеп, сондай-ақ ресейлік тараппен сканерлерді жолға қоюға қатысты  келіссөздер жүргізуде ұсынды.

 Облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері Чехия Республикасынан ірі қара малды тасымалдауға қатысты негізсіз тыйымға қарсы шықты. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау комитеті  2019 жылдың маусымынан бастап Чехиядан ірі қара малын тасымалдауға тыйым салған. Тыйым салудың себебі ресейлік Набережные Челны қаласындағы «Торговый дом КамАгро» ЖШҚ жеткізуші фирма тарапынан Чехиядан Қазақстанға малды жеткізуде алаяқтық әрекеттері болды.

 Алайда, кәсіпкерлердің, палата заңгерлердің пікірінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес импорттаушы елден малды импорттауға тыйым салуға себеп сол елде мал ауруларына байланысты жұқпалы аурулар бойынша қолайсыз ситуацияға ғана бола алады. Яғни ресейлік жеткізушінің бірлі-екілі алаяқтық әрекеттері мал тасымалына тыйым салуға себеп бола алмайды.

 «Өңірлік палатаға осы мәселемен бес кәсіпкер – «Донецкое», «Есмағұлова», «Бақыт» шаруа қожалықтары, «АгроКомплекс Сулышок» ЖШС және   «ПромВодСтрой» ЖШС көмекке жүгінген. Олардың барлығы Чехиядан 500 бас ірі қараны алуды жоспарлаған, алайда импортқа салынған тыйым салдарынан рұқсат берілмеді. Соның ішінде Палатаның көмегімен «Бақыт» шаруа қожалығы 100 бас, «АгроКомплекс Сулышок» ЖШС 100 бас малды әкеле алды. Қалған кәсіпкерлер малды логистика мен мал құны қымбат елдерден импорттауға мәжбүр. Чехияда бас ірі қара малдың бағасы 2100-2200 АҚШ долларын құраса, ал Германияда 1 бас ірі қара бағасы – 2500 АҚШ долларынан басталады. Бұл тыйымға бір жылдан асты», – деді «Оптимум Петро» ЖШС директоры Раиль Мендеев.

 Айта кетелік, бұл мәселені шешу үшін кәсіпкерлер СҚО прокуратурасына жүгінді, прокурорлар да тыймға заңдық негіз жоқ екенін растады. Алайда проблема облыс деңгейінде шешілмей отыр, сондықтан кәсіпкерлер «Атамекен» басшысы Тимур Құлыбаевтан мәселені республикалық деңгейде шешуге көмектесуді сұрады.

 Кәсіпкерлер жолаушы тасымалына қатысты мәселелерді көтерді. «Covid-19» індетіне қатысты тыйым осы сала кәсіпкерлеріне қатты кедергі келтірді, автовокзалдар, автобекеттер және облыс аралық автобус қатынастарына тыйым салынды. Кәсіпкерлердің пікірінше, мұндай шара заңсыз жұмыс істейтін тасымалдаушылар санын арттырды. Осы ретте санитарлық нормалар мен әлеуметтік қашықтық сақталмайды. Сондай-ақ өңірлік кеңес мүшелері сатып алулар мен салықтық төлемдер мәселелерін көтерді.

Кездесуде айтылған мәселелердің барлығы  «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевпен назарға алынып,  ары қарай шешу үшін Үкімет алдында қаралатын болады.

Айта кетелік, жуық арада СҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңес мүшелерімен бірге 29 қазанда Үкіметтің қатысуымен өтетін «Атамекен» Съезінде оларды егжей-тегжейлі талқылау үшін аймақтағы бизнестің жүйелік проблемаларына мониторинг жүргізуді жалғастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер