«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Елордалық бизнес дауыс беру процесіне белсенді қатысады

2022 жылғы 13 Мамыр
- Астана қаласы
9802 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының алаңында елорданың бизнес-қоғамдастығымен кездесу өтті. Оның барысында 2022 жылғы 5 маусымда өтетін референдумда ҚР Конституциясына енгізуге ұсынылған өзгерістер туралы ақпарат берілді.

Жиынға «AMANAT» партиясы, Қазақстан блокчейн-технологиялар қауымдастығының өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес және Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының өкілдері қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры кездесуді ашып, Палата қала кәсіпкерлері арасында ұсынылған өзгерістер туралы түсіндіру жұмыстарын бастағанын, елордалық компаниялардың еңбек ұжымдарымен кездесулер жоспарланғанын атап өтті. Бұл науқанға Палатаның Өңірлік кеңесінің мүшелері қатысады.

«Біз әрбір қазақстандық өзінің конституциялық құқығын іске асырып, референдум күні дауыс беруі үшін қаланың бизнес-қоғамдастығының осы процеске барынша атсалысуына күш салуға тырысамыз», – деді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев.

Қазақстан блокчейн-технологиялар қауымдастығының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты, Конституциялық реформаларды түсіндіру жөніндегі республикалық қоғамдық штаб мүшесі Сапар Ахметов алдағы референдумның халық және елдің одан әрі дамуындағы маңызын атап өтті. Спикер әр азаматты референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Болат Омаров астанадағы кәсіпкерлік қарқынды дамып келе жатқанын, өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елордалық бизнестің қаланың ЖӨӨ-дегі үлесі 72%-дан асқанын, бұл бағытта мемлекеттің қолдауы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«AMANAT» партиясының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, конституциялық реформаларды түсіндіру жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың мүшесі Владимир Савкин Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс соңғы жылдар бойы жүргізіліп келе жатқанын хабарлады. Ата Заңның 33 бабына барлығы 56 түзету енгізілмек. Спикер, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

Қатысушылар еркін микрофон форматында спикерлерге сұрақтарын қойды.

 Еске сала кетейік, Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер жобасы бойынша референдум өткізуді ұсынған болатын. Мемлекет басшысы Конституцияда іргелі сипатқа ие және елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін түзетулерге бастама жасалғанын атап өтті.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер