«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылорда: Палата заңгерлері 7 айда кәсіпкерлердің 210,1 млн теңге қаржысын сақтап қалды

2023 жылғы 03 Тамыз
- Қызылорда облысы
9239 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлері 7 айда кәсіпкерлерден түскен 181 өтініштің 71-ін оң шешіп, 210,1 млн теңге қаржысын сақтап қалды. Қалған өтініштер қаралып жатыр.

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салават Құлмахан айтып берді.

«Кәсіпкерлерден түсетін өтініштер түрлі саланы қамтиды. Соның ішінде алғашқы үштікті салық, рұқсат алу рәсімдері, құрылыс пен жер қатынастары салалары құрайды. Салық органдарының жанында келісім комиссиясы жұмыс істейді. Сол комиссия құрамында біз – Кәсіпкерлер палатасының өкілдері де бармыз. Биыл 178,7 млн теңгені құрайтын 4 кәсіпкердің ісін сотқа жеткізбей, келісім комиссиясында қарап, кінәсіздігін дәлелдей алдық», – дейді Салават Құлмахан.

Құқығы қорғалған кәсіпкерлердің бірі – Арал ауданындағы «Түгел» шаруа қожалығының төрағасы Күнтуар Жайназаров.

Ол 2021 жылы фронтальды тиегіш техникасы үшін 1,4 млн субсидия алады. Оны шаруашылығында қолданып та жүр. Тек былтыр желтоқсанда шаруашылығын баласына тапсырғанда техниканы да соның атына аударып береді. Бар мәселе осы кезде басталады. Субсидияның талабына сай алынған дүние үш жылға дейін есептен шығарылмауы керек.

Кәсіпкер Палата заңгерлерінен көмек сұрап, өтініш берді. Заңгерлер құжаттармен толық танысып шыққаннан кейін сотта кәсіпкердің мемлекетке зиян келтірмегенін, техниканы қайта өз атына тіркеп, шаруашылықта пайдаланып жатқанын құжаттармен дәлелдеп берді.  

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Айнұр Әбілқайысқызы әділдік пен ақылға сыйымдылық өлгемшарттарын негізге ала отырып, кәсіпкерді кінәсіз деп тапты.

Нәтижесінде кәсіпкер 1,4 млн теңгені мемлекетке қайтармайтын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер