«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордалық кәсіпкерлер «Сапалы өнім» жобасын талқылады

2023 жылғы 27 Қараша
- Қызылорда облысы
6439 просмотров

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында АӨК және Сауда, қызмет көрсету және туризм бірлескен кеңесі өтті. Жиынға мемлекеттік орган өкілдері, шағын және орта бизнес субъектілері, агроөнеркәсіп кешені кеңесі мүшелері, сонымен бірге кәсіпкерлер мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директорлары онлайн-форматта қатысты.

Кеңес барысында Қызылорда облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов қатысушыларды «Сапалы өнім» тұжырымдамасының жобасымен таныстырды. "Сапалы Өнім" жүйесі тұтастай алғанда азаматтардың барлық қажеттілігін қанағаттандыруға, оның ішінде тұтынушылардың құқығын кепілді сақтауға және өтеусіз қорғауға бағдарлануы тиіс.

«Халық үшін сапа, қауіпсіздік және қолжетімді баға кепілдіктерін білдіретін "Сапалы Өнім" отандық символын қалыптастырып, оны елдің ішкі нарығында жоғары бәсекелестік туғызатын танымал брендке айналдыру керек»,- деді Ерқасым Сүлейменов.

Сондай-ақ жиында кәсіпкерлер өздерін толғандыратын бірқатар сұрақ қойып, ұсыныстарын білдірді. Күн тәртібінде жергілікті өнімдерді ірі сауда желілеріне шығару мәселесі тұрды. Осы ретте, Қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрайымы Ақмарал Әбдіразақова дүкен желілерінде қазақстандық және жергілікті өнімдерге арналған арнайы сөрелер қойылып, жарнамалық стендттер орнатылса деген ұсынысын білдірді.

Осы орайда, кезекті отырыс жергілікті өнімдерді сауда орындарында сатылымға шығарып, сырттан келетін өнімдерге бақылауды күшейту қажеттілігімен қорытындыланды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер