ШҚО қысқы маусымның ашылуына дайындалуда
ШҚО кәсіпкерлер палатасының туризмді дамыту жөніндегі Кеңесінің отырысында жолдарды күтіп ұстау және туробъектілердің Риддер, Глубокое және Ұлан аудандары бағытында қонақтарды қабылдауға дайындығы мәселелері талқыланды.
Риддер қаласының Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Әсел Жұмабаеваның айтуынша, «Эдельвейс» демалыс базасынан бөлек, биыл жаңа база жұмыс істейтін болады. Оның ашылуын қысқы маусымның басталуымен ұштастыру жоспарлануда.
«Жаз бойы аспалы жолдарға жөндеу жүргізілді, кәсіпкерлерде барлық қысқы маусымға бронь бар. Енді қардың жауғанын күтеміз, дегенмен алғашқы тексерістерді өткізіп үлгердік», - деді Әсел Маратқызы.
Ол Поперечный ауылына қарай жолды күтіп ұстауда қиындықтар бар екенін айтты. Олар «Қазавтожолдан» осы бұрылысты тазартуды сұраған. Бірақ Әсел Жұмабаеваның айтуынша, техника GPS датчиктерімен жабдықталған және маршруттан кете алмайды. Әзірге бұл мәселе шешілмеген.
Глубокое ауданында жыл бойы 16 туристік нысан жұмыс істейді, қыста ең танымалы «Алтай Альпісі» және «Нұртау».
Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Евгения Литвиненко қыс мезгілінде туробъектілерге жолдарды ұстауда проблемалар жоқ екенін атап өтті.
«Алтай Альпісіне апаратын орман алқабы арқылы электр беру желісі бойынша шешілмеген мәселе бар. Сымдардың жиі үзілуі орын алып, аспалы жолдар тоқтап қалады», - деді Евгения Литвиненко.
ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев Феклистовка ауылынан электр беру желісін тарту жоспарланғанын еске салды.
«Біз бұл мәселені көтеріп жатырмыз, бірақ әлі шешілмеді», - деді әкім орынбасары.
Ұлан ауданында қысқы туризм енді ғана дами бастады. Туристерді Сібе көлдері мен коньки тебу қызықтырады.
«Жуынатын бөлмелер, қоғамдық тамақтану орындарын салу жоспарлануда», - деді Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов.
Сондай-ақ, ол Семей, Самара және Алматы бағыттарындағы трассаларда үш санитарлық торап орнатылатынын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Кеңес отырысында Жаңа Бұқтырма кентінің ауданындағы демалыс базаларына жолдарды қысқы күтіп ұстау мәселесі көтерілген болатын. Алтай ауданы әкімінің орынбасары Сергей Охременко қаражаттың екі есеге ұлғайту жоспарланғанын жеткізді. Селезневка-Голубой шығанағы, Жаңа Бұқтырма кенті – «Черемушки», «Березка», Шале Бале – Простор, Лаванда жолдарын тазарту қарастырылған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: