«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда Кәсіпкерлер палатасының басшылығы Өңірлік кеңес сайлауы бойынша аудандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

2024 жылғы 12 Желтоқсан
- Атырау облысы
1519 просмотров

Жылыой аудандық кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысында Өңірлік кеңеске сайлау өткізу және делегаттарды іріктеу тәртібі  талқыланды.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев аудандық кеңес мүшелерін сайлау тәртібіндегі негізгі өзгерістермен таныстырды. Ережеге сәйкес, Өңірлік кеңеске делегаттарды сайлау ӨКП аудандық және салалық кеңестерінің құрамына кіретін кәсіпкерлік субъектілерінің тікелей дауыс беруі негізінде өткізіледі.

Үміткерлер салалық және аудандық кеңестер мүшелерінің арасынан, сондай-ақ ӨКП аккредиттелген бірлестіктердің бірінші басшылары немесе мүшелері арасынан сайланады. 

Өңірлік кеңес сайлауына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 18 желтоқсанда басталып, 10 күнге созылады. Сайлаудың өзі 2025 жылдың қаңтар айының соңында өтеді.

«Өңірлік кеңеске сайлау салалық және аудандық кеңес мүшелеріне өз ойын ашық айтуға, саланың немесе ауданның өзекті мәселелерін айтып, оларды шешуге белсене қатысуға, сондай-ақ олардың бастамаларын ілгерілетуге мүмкіндік беретінін атап өткім келеді. Сондықтан мен кәсіпкерлерді алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырамын», – деді Нұрлан Сүйінбаев.

Аудандық кеңес мүшелері енгізілген өзгерістерді белсенді түрде қолдады. Бұл ауыл кәсіпкерлері үшін өз ауданында ғана емес, жалпы өңірде кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етудің бірегей мүмкіндігі екенін атап өтті.

«Өңірлік кеңесіне сайлаудың бұл форматы процедуралардың ашықтығы мен демократиясын қамтамасыз етеді деп ойлаймын. Келесі кезекте кеңес ішінде түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырып, делегаттарды таңдаймыз. Біз бұл жұмысқа жауапкершілікпен қарауымыз керек, өйткені ауданымыздан сайланған делегат тек жергілікті кәсіпкерлердің мүддесін қорғап қана қоймай, ауыл бизнесінің бар проблемаларын шешуге бағытталған бастамаларды алға жылжытуы керек», - деді Жылыой аудандық кеңесінің мүшесі Құрманбек Нұрғалиев.       

Айта кету керек, мұндай түсіндірме кездесулер облыстың барлық аудандарын қамтымақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер