«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда екінші жартыжылдықта қоғамдық көліктердің жұмысында қиындықтар пайда болуы мүмкін

2025 жылғы 17 Сәуір
- Атырау облысы
1185 просмотров

Тасымалдаушылар ағымдағы жылға облыстық бюджеттен бөлінген субсидиялардың басым бөлігін игеріп қойғандықтан, бүгінде екінші жартыжылдықта қалай жұмыс істейді деген сұрақ туындады.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Атырау қаласындағы жолаушылар тасымалының түйткілді мәселелері талқыланды.

«Атырау қалалық жолаушылар тасымалы қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Арсен Қанатовтың айтуынша, бүгінде облыс орталығында 6 тасымалдаушы қоғамдық көлік қызметін көрсетеді. Енді олар үшін ең басты мәселе – бюджеттен субсидия төлеудің жүйелі түрде кешігуі.

«Өткен жылы субсидиялардың жалпы көлемі 6,7 млрд теңгені құрады. Барлық соманы жыл басында бөлгенімен, наурыз айынан бері төлемдер кешіктірілді. Біз әкімдікке, көлік бөліміне, прокуратураға хат жаздық, нәтижесінде маусым, шілде айларына автобус жүргізушілерінің жалақысын тек 50 пайызын ғана төледік. Қыркүйек айында жағдай одан да қиын болды. Желтоқсанның аяғында ғана барлық қарызды өтедік, ақша тек сол кезде түсті. Енді былтырғы жағдай қайталанбас үшін мәселені алдын ала көтеріп жатырмыз. Биыл да бізге 6 миллиард теңгеден астам субсидия бөлінді, яғни өткен жылы субсидиялау әдістемесі мен ережелеріне өзгертулер енгізілсе де, көлік жүргізушілерінің жалақысы көтерілгенімен, қайта есептеусіз өткен жылғы соманы ғана қосты. Жылдың алғашқы үш айында 4 миллиард теңге субсидия жұмсадық, енді екінші жартыжылдықта қалай жұмыс істейміз деген сұрақ туындайды. Біздің есептеуіміз бойынша биыл 10 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет. Бүгінгі күнге дейін субсидияларды ұлғайту жөніндегі комиссияның отырысы болған жоқ, бұл ұзақ процесс. Ал біз маусым айында қаржыландыру мәселесіне тап боламыз деп есептейміз», - деді Арсен Қанатов.

Тасымалдаушыларды алаңдатып отырған екінші мәселе – оқушылар мен студенттердің жеңілдетілген жол жүру ақысына өтемақы төленбеу. Қалалық мәслихат сонау 2015 жылы тасымалдаушылардың бұл шығындарын өтеу туралы шешім шығарса да, күні бүгінге дейін бір тиын да алған жоқ. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл мақсаттарға жылына орта есеппен 200 миллион теңгеге жуық жеке қаражат жұмсайды.

«Біз үнемі әкімдікке хат жазамыз, олар көлік бөліміне, одан кейін «Смарт Атырау» (бұл субсидия беретін көлік бөліміне қарасты мемлекеттік мекеме) жібереді. «Смарт Атырау» бұған ақша жоқ деп жауап береді. Өтемақы болмаса, тегін жол жүруді алып тастаймыз дейміз, әкімдік бұған келіспейді, төлейміз деп уәде береді, алайда нәтиже жоқ. 2022 жылы прокуратура да әкімдікке ұйғарым жіберген, бірақ жағдай өзгерген жоқ», - деді Атырау жолаушылар тасымалы қауымдастығының өкілі.

Тасымалдаушылар автобус жүргізушілерінің жалақысындағы айырмашылықты әкімдік беру үшін сотқа жүгінуге тура келетінін де қосты.

Айта кетейік, жиынға әкімдік атынан қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Ерубаева қатысып, көтерілген мәселелердің барлығын басшылыққа жеткізуге уәде берді.

«Тасымалдаушылардың өтінішін талдау негізінде Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы әкімдік талаптарды орындамай, кейбір жағдайларда тіпті заңнаманы бұзып отыр деп есептейді. Кәсіпкерлердің сауалдарына берген жауабында келіспеушіліктер туындаған жағдайда сотқа жүгіну керек деген жауап берілген. Бірақ бұл мәселелерді соттан тыс шешуге болмай ма? Осы мақсатта біз оларды кеңес отырысында талқылауға шығардық. Алдағы уақытта түйткілді мәселелердің шешімін жоғары деңгейде табу мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан жұмыс істейтін Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңеске жолдайтын боламыз. Тиісті өтініш бізге орталықтан түсті, яғни осы тектес сұрақтар тек біздің облысқа ғана қатысты емес», - деп қорытындылады ҚР Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілінің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер