«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

951 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚОРҒАЛДЫ: КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ БИЗНЕСТІҢ ҚҰҚЫҒЫН СОТТА ҚОРҒАДЫ

2025 жылғы 05 Мамыр
- Астана қаласы
473 просмотров

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасына «Bastion.KZ» ЖШС мемлекеттік органдардың әрекеттеріне байланысты шағыммен жүгінді. Шағымда кәсіпкерге инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында белгіленген тәртіппен берілген жер телімінің жалдау шартын мерзімінен бұрын бұзу ниеті айтылған.

Кәсіпкерді жер телімінен айыруға себеп болған жайт – қадағалаушы органның жер телімінің конкурстан тыс тәртіппен берілгендігі туралы ұсынымы. Осыған байланысты Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдармен бірнеше мәрте келіссөздер жүргізді. Алайда, соған қарамастан, уәкілетті орган жер телімі бойынша жасалған мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз берді. Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкердің мүддесін қорғап, негізді құқықтық ұстанымын ұсынды.

Сот талқылауы барысында талап-арыздың алғышарты ретінде ұсынылған «жер телімінің игерілмегені» туралы тұжырымдардың тек электрондық жүйелер дерегіне сүйеніп, нақты тексеріс жүргізілместен жасалғаны анықталды. Істің мән-жайын растайтын сенімді дәлелдер сотқа ұсынылған жоқ. Сот мемлекеттік органның уәждерін негізсіз деп танып, талап-арызды қанағаттандырудан бас тартты, осылайша кәсіпкердің жер теліміне деген заңды құқықтарын растады.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының кәсіби қолдауының арқасында құны 951 миллион теңге болатын инвестициялық жобаның аясында бизнестің мүліктік мүдделері қорғалды. Палата бизнес субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда дәйекті қорғауды жалғастыруда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер