«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ФСМС тарапынан төлемдердің жүйелі кешіктірілуі: Кәсіпкерлер палатасы медициналық ұйымдардың мүдделерін қорғады

2025 жылғы 12 Мамыр
- Астана қаласы
775 просмотров

«Шипагер» отбасылық денсаулық орталығы» ЖШС Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасына «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ тарапынан аванстық төлемнің кешіктірілуіне байланысты шағыммен жүгінді. Әңгіме мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық қызметтерді сатып алу шарты бойынша жасалуы тиіс алдын ала төлем туралы болып отыр.

Медициналық ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе жүйелі сипатқа ие — Қор тарапынан ай сайынғы төлемдер тұрақты түрде кешіктіріледі, бұл өз кезегінде медициналық қызметтер көрсететін жеткізушілердің қаржылық тұрақтылығына кері әсер етеді.

Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Кәсіпкерлер палатасы бұл жағдайды Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің қарауына шығарды. Сонымен қатар Астана қаласының прокуратурасына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаментіне, сондай-ақ қордың орталық және Астана қалалық филиалдарына ұсыныс хаттар жолданды. Қор филиалының жауабында «Шипагер» ЖШС-не тиесілі аванстық төлемнің жүзеге асырылғаны, сондай-ақ алдыңғы кезеңдердегі жеткізушілер алдындағы берешектердің біртіндеп өтеліп жатқаны айтылған.

Қабылданған шараларға қарамастан, Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені жүйелі түрде шешудің маңыздылығын атап өтеді. Денсаулық сақтау саласындағы қаржылық есеп айырысулардың уақытылы және сенімді жүзеге асырылуы — мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға қатысатын жеке медициналық ұйымдардың тұрақты жұмысы үшін аса маңызды шарт. Палата бұл жағдайды бақылауда ұстап, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және денсаулық сақтау жүйесін тұрақтандыру мақсатында уәкілетті органдармен өзара іс-қимылды жалғастыратын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер