«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қосымша білім беру ваучері: кәсіпкерлер өз пікірлерінің ескерілгенін қалайды

2025 жылғы 29 Мамыр
- Шымкент қаласы
981 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Білім беру салалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға прокуратура өкілдері, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының, білім басқармасының жетекшілері мен кәсіпкерлер қатысты.

Күн тәртібінде дербестендірілген қаржыландыруды ескере отырып, балаларға арналған қосымша білім беруге бірыңғай мемлекеттік тапсырыс орнатудың пилоттық жобасы талқыланды.

«Кәсіпкерлерге, кәсіпкерлік қызметке қатысты қандай да бір құқықтық-нормативтік актілер қабылдау кезінде тиісті мемлекеттік органдар сол құжаттың жобасын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдап, біздің эксперттер сараптама жасауы, одан кейін сараптамалық қорытынды беруі керек. Бұл пилоттық жоба «Атамекен» тарапынан келісілген жоқ. Осыған орай бізде «Жоба жүзеге асырылған жағдайда өңірлерде қалай жүзеге асырылады? Оның операторы кім болады?» деген сауалдар туындап отыр. Осы мәселелерді талқылау үшін бас қосып отырмыз», – деді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев.

«ArtSportEdu» республикалық қызмет ұсынушылар қауымдастығының Шымкент қаласындағы өкілі Равиль Файзуллин де бұл пилоттық жобаны енгізу барысында балаларға қосымша білім беру бойынша қызмет ұсынушылардың пікірі ескерілмегенін айтып өтті.

Шымкент қалалық әкімдік басқармаларының өкілдері бұл жоба әлі талқыланып жатқанын алға тартты.

«Өзіміздің сала туралы айтар болсам, бұған дейін де дене шынықтыру және спорт үйірмелері бойынша қызмет ұсынушы кәсіпкерлермен кездесіп, ақылдастық. Кәсіпкерлердің тарапынан мұндай сұрақтардың туындауы заңды. Дегенмен, бұл жобаның жүзеге асырылу алгоритмі әлі нақтыланған жоқ. Сонымен қатар бұған дейінгі келісім-шарттар ары қарай созылады, қызмет ұсынушыларда бөлек тұратын ғимарат болуы тиіс деген талап қарастырылмаған деп айта аламын. Биылғы жаңалық – егер қызмет алушы адамдар саны 150-ден асқан жағдайда террористік қауіпсіздіктің арнайы талаптары сақталуы тиіс. Себебі, барлығымызға белгілі, ең маңыздысы – адам өмірі. Ал ол үйірмелерде баршамыздың балаларымыз білім алады», – деді Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.

Жиын барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар оған мүмкіндігінше жауап берді. Мысалы, кәсіпкер Сымбат Ахатова бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесін бекіту туралы» № ҚР ДСМ-220 бұйрығымен жұмыс істеп келгендерін, ал пилоттық жоба бойынша №59 бұйрықты орындау талабы қаралып отырғанын жеткізді.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер тарапынан ғимараттардың ауданы бойынша, ваучерлердің түрлері, балалардың өзі айналысуды қалайтын үйірмесіне оңай ауысуы сияқты сұрақтар қойылды.

Осыған орай «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова жергілікті атқарушы билік өкілдерінен жиында айтылған мәселелерді мемлекеттік орталық орган басшыларымен талқылау барысында көтеруді сұрады. Ал жалпы, кәсіпкерлікке қатысты кез келген бастама, жобаны сол кәсіпкерлердің өздерімен ақылдасу барлық тарапқа пайдалы деген Дамиля Құнанова дәл осы пилоттық жоба бойынша Шымкент және Астана қалаларының кәсіпкерлері белсенділік танытып отырғанын атап өтті.

Кеңес отырысын қорытындылаған Мақсат Өткелбаев жиында көтерілген сұрақтардың барлығы хаттамаға енгізілетінін және тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын айтып, кәсіпкерлерге кез келген өзекті мәселелерді талқылауда белсенділік танытуға шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер