«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Электр тарифі, қауіпсіздік, санитария: Түркістанда кәсіпкерлер өзекті мәселелерді көтерді

2025 жылғы 03 Маусым
- Түркістан облысы
472 просмотров

Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Сауда және қызмет көрсету салалық кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес жұмысына сала өкілдерімен қатар, мемлекеттік органдар мен бақылаушы мекемелердің өкілдері қатысты.

Жиын барысында сауда мен қызмет көрсету саласындағы бизнес субъектілерін алаңдатып отырған бірнеше маңызды мәселе көтерілді.

Кездесу барысында бірінші болып сөз алған «Жеңіс» жеке кәсіпкерлігінің атқарушы директоры Нұржан Тәліпов кәсіпкерлік нысандарын электр энергиясының жеңілдетілген тарифіне көшіру мәселесін қозғады. Ол қолданыстағы тариф саясатының бизнеске түсіретін ауыртпалығын атап өтіп, бұл бағытта тиімді тетіктерді қарастыру қажеттігін айтты.

Кеңес отырысында техникалық реттеу және метрология комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті аттракциондар мен балалар ойын алаңдарына арналған жабдықтарды пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін баяндады. Бұл тақырып жаз маусымында ерекше өзектілікке ие болып отыр, себебі қоғамдық орындарда балаларға арналған ойын жабдықтарының саны артып келеді.

Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілі 50 орыннан асатын тамақтану орындары мен тойханалардың санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы жөніндегі тәртіпке тоқталды. Кәсіпкерлер тарапынан бұл талаптардың ашықтығы мен рәсімдеудің тиімділігі туралы сұрақтар қойылды.

Кеңес отырысының басты мақсаты – кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту, бизнестің өзекті мәселелерін бірлесіп шешу.

«Бүгінгі кездесуде көтерілген мәселелер – кәсіпкерлердің күнделікті жұмысында жиі кездесетін түйткілдер. Біз осы сұрақтарды шешу жолдарын бірге іздеуге дайынбыз. Палата әрбір кәсіпкердің даусын естуге және қолдауға мүдделі», – деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Ауелбеков.

«Біздің салалық кеңестің басты міндеті – кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы көпір болу. Мұндай кездесулер бизнестің нақты проблемаларын ортаға салып, шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл – біржақты емес, екіжақты жұмыс», – деп атап өтті Сауда және қызмет көрсету салалық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Искенов.

Кеңес соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, тиісті органдардан нақты жауаптар алды. Мұндай форматтағы диалогтар бизнес жүргізу ортасын жақсартуға, әкімшілік кедергілерді азайтуға ықпал ететіні сөзсіз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер