«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында тауарлардың сапасын қамтамасыз ету шаралары мен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды

2025 жылғы 11 Маусым
- Астана қаласы
737 просмотров

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында «Сауда және қызметтер» салалық кеңесінің отырысы өтіп, елордалық бизнес-қауымдастықты толғандырып отырған маңызды мәселелер талқыланды. Кездесуге мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен салалық сарапшылар қатысты.

Отырыс барысында көтерілген басты тақырыптардың бірі – заңсыз әкелінген өнімдердің, соның ішінде таңбаланбаған тауарлар мен мемлекеттік тілге аудармасы жоқ ойыншықтардың саудада заңсыз айналымы болды. Бұл мәселе бойынша Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шагалтаева түсініктеме беріп, сапасыз және әлеуетті түрде қауіпті өнімдер айналымына қатысты анықталған бұзушылықтар туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Ол алдын алу шараларын күшейту және кәсіпкерлер мен уәкілетті органдардың өзара тығыз әрекеттесуінің маңыздылығын атап өтті.

Келесі мәселе ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптары қаралды. Атап айтқанда, ТР ЕАЭО 038/2016 «Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы» және ТР ЕАЭО 042/2017 «Балалар ойын алаңдарына арналған жабдықтардың қауіпсіздігі туралы» регламенттері сөз болды. Бұл тақырып бойынша Астана қаласы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің бас маманы Дильназ Таушинова баяндама жасап, негізгі ережелеріне тоқталып өтті. Ол әсіресе жазғы мезгілдегі балалардың белсенділігі артатын уақытта қауіпсіздік стандарттарын сақтау маңыздылығына назар аударды. 

Отырыс барысында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау алу, гранттық бағдарламалар, инновацияларды енгізу және зияткерлік меншікті қорғау мәселелері де қаралды. «Жұмыспен қамту және әлеуметтік кәсіпкерлік» кіші комитетінің төрағасы Елена Куликова қолдау тетіктерінің шолуын ұсынып, авторлық құқықтар мен инновациялық шешімдерді қорғауға қатысты практикалық ұсынымдар берді. 

Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар өзекті мәселелерді бірлесе талқылап, 2025 жылдың екінші жартыжылдығына арналған «Сауда және қызметтер» салалық кеңесінің жұмыс жоспарына енгізілетін ұсыныстар пакетін қалыптастырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер