«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өнімге айналған идея: Қарағандыдағы ОСОП-2025 көрмесі немен таңғалдырды?

2025 жылғы 27 Маусым
- Қарағанды облысы
462 просмотров

Қарағандыда өтіп жатқан «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрмесінде келушілер тауарды тек көріп қана қоймай, дәмін татып, сатып ала да алады. Көрмеге облыстың әр түкпірінен келген кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды: біреулер үшін бұл – жаңа бастама, ал басқалары өз жетістіктерін бекемдей түсті.
 

Көрменің атмосферасы ерекше болды. Ірімшік пен жаңа піскен нанның иісі, киіз бұйымдар мен қолдан жасалған сабындар, шеберлердің әңгімелері, шынайы еңбек пен ұлттық құндылық – мұның бәрі қонақтарды баурап алды. Көптеген кәсіпкерлердің тауарлары түске дейін-ақ сатылып кетті.

 

Көрмені «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков пен Кәсіпкер әйелдер мен шағын бизнесті дамыту департаментінің басқарушы директоры Гүлия Жүнісова аралап көріп, қатысушылармен тілдесті.

«ОСОП – бұл жай ғана көрме емес. Бұл – қозғалыс. Ауыл кәсіпкерлеріне мүмкіндік берілсе, олар үлкен жетістіктерге жете алатынын көрсетіп отыр», – деді Тимур Нахипбеков.

Кәсіпкерлердің арасында өз ісіне берілген адамдар көп. Қарағандылық Лаура Жанабаева табиғи майлар мен өсімдік тұнбаларынан қолдан сабын жасап алып келді. 

«Жануар майынан жасалған сабын – экологиялық әрі теріге пайдалы. Сонымен қатар, бұл ауыл шаруашылығында пайдаға аспай жатқан шикізатты тиімді пайдалану жолы», – дейді Лаура.

Шет ауданынан келген Жанар Қантарбаева «Сыр өнімдері» брендімен ірімшік дайындап жүр. Моцарелла, фета, халуми, наринэ – барлығы табиғи сүттен, санитарлық талаптарды сақтай отырып жасалады.

«Күн сайын 15 келіден кем емес ірімшік сатамын. Арманым – толыққанды цех ашып, Қарағанды, Астана сияқты қалаларға өнім жеткізу», – дейді кәсіпкер.

Көрмеге қатысқан тағы бір ерекше жоба – Любовь Величконың табиғи материалдармен жасалған эпоксидті смола бұйымдары. Суспензиялар, көмір, шөптер мен металл бөлшектерден жасалған әшекейлер мен картиналар көрмеге ерекше көрік берді.

«Мен әр туындым арқылы табиғаттың тірі күшін жеткізгім келеді. Шабытым – туған жердің топырағы мен гүлдерінде», – дейді шебер.

Adal Sauda Company компаниясы ALAQAI брендімен табиғи ет пен сүзбеден жасалған жартылай дайын өнімдерді – мәнті, вареники, самса, тефтели секілді тағамдарды ұсынды. Өнім халал сертификатына ие және шикізат жергілікті ауыл тұрғындарынан алынады.

Осакаров ауданынан келген Татьяна Барковская 1995 жылдан бастап сүт өнімдерімен айналысады. Соңғы жылдары өз өндірісін ашып, сыр, сары май мен пастерленген сүт шығарып келеді.

Шахтинск қаласынан Алтынбек Аманжолұлы табиғи және гипоаллергенді материалдардан жасалған ортопедиялық матрастар өндірісімен айналысады.

«Кокос талшығы, латекс пен тәуелсіз серіппе блоктарын қолданамыз. Барлық өнім – отандық өндірістен. Келешекте жастықтар мен төсеніштер шығарып, онлайн сатуды дамытқымыз келеді», – дейді Алтынбек.

Көрмеге одан бөлек қолөнер бұйымдары, ертоқым, биогумус, табиғи шамдар, ет өнімдері, нан-тоқаштар, киіз ойыншықтар, кондитерлік тағамдар мен шұжықтар ұсынылды.


Көрме соңында үздік он жоба өңірлік бренд комитетіне жолданып, үшеуі республикалық деңгейде таныстырылатын болды.

«Ауыл тек еңбекпен емес, идеямен де мықты екенін дәлелдеді», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов.

ОСОП-2025 – өзін-өзі жұмыспен қамту, отандық брендтер мен ауыл кәсіпкерлерінің мерекесі болды. Бұл – әр ауылдың өз өнімін мақтанышпен көрсете алатын алаңы.​​​​​​​


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер