«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбеде үздік тауар өндірушілер анықталады: көрме-байқауға шақырамыз!

2025 жылғы 04 Шілде
- Ақтөбе облысы
498 просмотров

11 шілде күні Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимаратында «Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл – бір өнім» көрме-конкурсы өтеді. Шара сағат 12:00-де басталады. Көрме барысында қала тұрғындары мен қонақтары өндірушілердің өнімдерімен танысып қана қоймай, оларды тікелей сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

Мерекенің шарықтау шегі — үш номинация бойынша жеңімпаздарды марапаттау: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары».

Үздік деп танылған тоғыз тауар өндіруші жыл соңында республикалық кезеңде Ақтөбе облысының намысын қорғайтын болады. Биылғы жылы үздік атағына тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс және химия салаларындағы 30-ға жуық кәсіпорын үміткерлік танытып отыр.

Сонымен қатар, «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасы аясында да байқау ұйымдастырылады. Бұл жоба жергілікті шикізатты пайдалана отырып, ерекше ауылдық өнімдерді дамытуға, ауыл кәсіпкерлерін біріктіруге бағытталған. БАБӨ жобасына қатысуға биыл 52 өтінім түсті. Қатысушылардың өнімдері нан-тоқаш, ет-сүт өнімдері, жартылай фабрикаттар, тоқыма және басқа да бағыттарды қамтиды.

Қатысушылардың жобаларын Палата, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдерінен құралған жұмыс тобы бағалайды. Соңында үздік 10 жоба келесі кезеңдерге жолдама алып, өнімдерін ішкі және сыртқы нарыққа шығаруға жан-жақты қолдау алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме дәстүрлі түрде жәрмеңке форматында өтеді:

«Қонақтар үздік өндірушілердің өнімін сатып ала алады, ал кәсіпкерлер өздеріне жаңа серіктестер мен клиенттер табуға мүмкіндік алады», — дейді Кәсіпкерлер палатасы өкілдері.

Сонымен қатар, іс-шара аясында кәсіпкерлік мәселелеріне арналған панельдік сессия, бірқатар келісімдерге қол қою мен концерт ұйымдастырылады.

Шараны Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы Кәсіпкерлер палатасы мен бірлесіп өткізеді. Оған облыс басшылығы, "Атамекен" ҰКП ОА, мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысады деп күтілуде.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Кәсіби маман» өңірлік байқауының жеңімпаздары марапатталады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер