Қарағандыда өндірушілерге мектеп жәрмеңкелеріне қатысу ұсынылды
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кездесуде жаңа оқу жылы қарсаңында отандық өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды.
Отырыста қатысушыларға «Мектепке жол» республикалық акциясы туралы айтылды. Тамыз айында өңірдің барлық қалаларында және аудандарында отандық өндірушілердің қатысуымен мектеп жәрмеңкелері өтіп жатыр. Мұнда ата-аналарға мектеп формасын, аяқ киімді, сөмкелерді және кеңсе тауарларын қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігі беріледі.
Білім басқармасының және Кәсіпкерлер палатасының өкілдері жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлеріне өз өнімдерін насихаттау және өткізу үшін жәрмеңке алаңдарын тиімді пайдалануға шақырды.
Отырыста тігін және тоқыма кәсіпорындарының өкілдеріне аталған жәрмеңкелерді тауарларын ілгерілету және тұтынушылармен тікелей байланыс орнату үшін тиімді алаң ретінде қарастыру ұсынылды.
«Жәрмеңкелер — бұл тауарды өткізуге де, нарықтағы позицияны нығайтуға да тиімді құрал. Біз кәсіпкерлердің қатысуына жәрдемдесуге, ақпараттық қолдау көрсетуге және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге дайынбыз», — деді Кеңес төрағасы Андрей Шмарин.
Оң мысал ретінде жобаға қатысып жүрген компаниялар аталды, олардың қатарында «Біздің форма» ЖШС және «ПИК Ютария Ltd» ЖШС бар. Өндірушілер мұндай іс-шаралар клиенттік базаны кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар модельдік желіні дамытуға қажетті кері байланыс алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кәсіпкерлер палатасында мектеп формасы мен оған қатысты тауарларды отандық өндіруді дамыту — басым міндеттердің бірі екені айтылып, өндірушілер тамыз айының соңына дейін өтетін жәрмеңкелерге қатысуға шақырылды.
Қатысуға ниет білдірген өндірушілер Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөліміне 50-64-16 телефоны арқылы хабарласа алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: