«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ЕАЭО нарығындағы әділетсіздік: қазақстандық сыра мен шарап өндірушілер шеттетілуде

2025 жылғы 25 Қыркүйек
721 просмотров

Техрегламентке енгізілетін жаңа өзгертулер Қазақстанның алкологоль өндіру саласын тұралатып қоюы ықтимал.

Ресей Федерациясы тарапынан Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) алкоголь өнімдеріне қатысты техникалық регламентіне бірқатар талап ұсынылды. Атап айтқанда, қара сырадағы уыттың (солод) мөлшеріне және шарап өндірісінде тек ЕАЭО елдерінде өсірілген шикізатты қолдануға қатысты шектеулер көзделіп отыр. Қазір бұл мәселе үкімет деңгейінде және бизнес қауымдастықтар арасында талқылануда.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл өзгертулердің Қазақстанның сыра өндіру саласына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін екенін мәлімдеді. Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, сыра ретінде тек уыттың мөлшері 80%-дан кем емес сусын ғана танылатын болады. Ал, Қазақстанда ең танымал сыра түрі – уыт мөлшері шамамен 50% болатын ашық түсті сыра. Егер жаңа нормалар күшіне енсе, мұндай өнім енді «сыра сусыны» деп аталатын болады.

«Бұл жағдайда уыт мөлшері жоғары сыра шығаратын елдердің өндірушілеріне артықшылық беріледі де, қазақстандық өнімдердің нарықтан ығыстырылуына әкелуі мүмкін», – дейді Тимур Жаркенов.

ҰКП өкілдері сыра құрамында 50%-дан бастап уыт болса да, ол өнім «сыра» деп танылуға тиіс деген пікірде. Бұл ретте тауар белгісіне уыттың нақты мөлшері міндетті түрде көрсетілуі қажет.

Қазақстанның шарап өндіруші кәсіпорындары да осыған ұқсас мәселеге тап болуда. Жаңа техникалық регламентке сәйкес, «шарап» деген атау тек ЕАЭО елдерінде өсірілген жүзімнен жасалған өнімге ғана берілуге тиіс.

«Қазақстанда шарап өндіру барысында Өзбекстандық шикізатты пайдалану дәстүрі әуелден қалыптасқан. Яғни жүзімнің бастапқы өңделуі сол елде жүргізіледі, кейін бұл шараптық өнім Қазақстанға әкелініп, одан әрі өңделеді де, бөтелкеге құйылады», – деп түсіндірді палата өкілі.

Егер аталмыш жаңа өзгертулер қабылданатын босла, мұндай өнім енді «шарап» емес, «шарапты сусын» ретінде сатылатын болады.

Тимур Жаркеновтың айтуынша, бұл – Қазақстандық өндірушілерді нарықтан ығыстыруға бағытталған манипуляцияның бір түрі. Қазақстандық бизнес қауымдастық бұл өзгертулерге қарсы шығып, ымыралы шешім табуға тырысып жатыр.

Жалпы алғанда, сыра мен шарапқа қатысты техникалық регламенттерге енгізілетін өзгертулер Қазақстан өндірушілеріне кері әсерін тигізіп, нарықтағы үлесін жоғалтуға ықпал етеді әрі әділетсіз бәсекелестік жағдайларын туғызуы ықтимал.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174