«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкентте дәстүрлі Бірыңғай есеп беру күні өтті

2025 жылғы 25 Қыркүйек
- Шымкент қаласы
202 просмотров

Шымкент қаласында жылдағы дәстүрлі Бірыңғай есеп беру күні өтті.

Алқалы жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы прокурорының міндетін атқарушы Марлен Сламбеков, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, сонымен қатар, прокуратура органдарының, аймақтық Департаменттердің, қаладағы басқа да бақылау-қадағалау органдарының басшылары мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

«Бірыңғай есеп беру күні 2021 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, жыл сайын қыркүйектің соңғы бейсенбісіне бекітілген. Есеп беру күні республика бойынша өтуде. Мұндағы мақсат – бақылау-қадағалау қызметін реформалауды жүзеге асыру, заң талаптарын бұзудың жүйелі түрде алдын алу, тұрақты әрі қауіпсіз кәсіпкерлікті іске асыру. Сонымен қатар бақылау және қадағалауды жүзеге асыру нәтижелері кәсіпкерлік субъектілерімен бірге талқыланады және бизнес-қоғамдастықпен кері байланысты қалыптастырылады», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Қала әкімінің бірінші орынбасары мұндай есептік жиындардың маңызына тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау мен қорғауды, бизнес жүргізу үшін ашық әрі әділ жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап отыр. Сондықтан әр мемлекеттік органның жұмысы кәсіпкерлердің сенімін арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға, бақылау мен қадағалауды жүйелі әрі заң аясында жүргізуге бағытталуы тиіс. Осы кездесуде Сіздердің пікірлеріңізді тыңдау және ортақ мәселелерді шешу жолдарын бірлесе қарастыру – біздің басты міндетіміз. Әр ұсыныс назарға алынып, тиісті шаралар қабылданады. Бірыңғай есеп беру күні – бұл тек есеп беру алаңы емес, сонымен қатар, мемлекет пен бизнестің ашық әріптестігінің нақты көрінісі», – деді Айдын Кәрімов.

Шымкент қаласы прокурорының міндетін атқарушы Марлен Сламбеков кәсіпкерлердің құқығын қорғау құзырлы орган жұмысының басым бағыттарының бірі екеніне тоқталды.

«Бұл – тек есеп беру жиыны ғана емес, бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді ашық диалог алаңы. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау – Президент тапсырған біздің басты міндетіміздің бірі. Осы бағытта мобильді топ тәулік бойы жұмыс істеп келеді. Биыл түскен 51 хабарламаны қарау нәтижесінде 16 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Сонымен бірге прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда, прокурорлық сүзгі де жалғасуда. Бұл ретте инвесторлардың тізіліміне енгізілген заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік органдардың барлық тексеруі, шектеуі және әкімшілік шаралары прокуратура тарапынан келісіледі. Осы жұмыс бағытында мемлекеттік органның 1 тексеруінен, 11 әкімшілік іс қозғалуынан бас тартылды. Бұған қоса 2025 жылдан бастап кәсіпкердің ісіне заңсыз араласқан мемлекеттік орган әкімшілік жауаптылыққа тартылатынын ерекше атап өткім келеді. Бұл – бизнесті қорғаудың жаңа деңгейі. Сондықтан бүгін біз тек есеп тыңдап қана қоймай, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған ұсыныстарды бірге қарастырайық», – деді Марлен Сламбеков.

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева мемлекеттік органдармен бірлесіп атқарған жұмыстар оң нәтиже беріп отырғанына тоқталды.

«Жыл сайын «Атамекен» Ұлттық палатасы «Әкімшілік қысым индексін» есептейді. 2024 жылғы сауалнама деректері «Тексерулердің тиімділігі» индексі бойынша Шымкенттегі көрсеткіш 44 пайыз болып, республикалық орташа деңгейден (40%) жоғары, тексерулердің артық қысымсыз, нақты және негізделген түрде жүргізіліп жатқанын көрсетті. Сонымен қатар «Іскерлік климат» рейтингі аясында жүргізілген тоқсан сайынғы сауалнама деректері Шымкент қаласының мегаполистер арасында инвестициялық тартымдылық бойынша айтарлықтай серпіліс жасағанын көрсетті. Былтыр республика бойынша бизнеске қатысты қаулылардың 25 пайызы айыппұл салумен аяқталған, ал Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 18 пайызды құрады. Яғни, қаламызда неғұрлым жұмсақ тәжірибе – бизнеске қаржылық санкция салмай тұрып, заң бұзушылықтарды түзетуге жиі мүмкіндік берілетіні анықталды. Бұл үрдіс Президенттің жазалаудан профилактикаға көшу тапсырмасын орындауға бағытталып отыр. Сонымен қатар Шымкентте тіркелген барлық әкімшілік құқық бұзушылықтың ішінде бизнеске тиесілісі – небәрі 3 пайыз. Ең маңыздысы – шағын бизнесте бұл көрсеткіш бар болғаны 0,3 пайызды құрап, республикадағы ең үздік нәтижеге қол жеткіздік. Бұл кәсіпкерлердің жоғары тәртіптілігін және бақылаушы органдар тарапынан қысымның төмендегенін дәлелдейді. Қорытындылай келсек – Шымкент бизнеске әкімшілік қысым төмен өңірлердің қатарында тұрақты түрде көш бастап келеді», – деді Майя Исаева.

Жиында Мемлекеттік кірістер департаменті, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаменті, Полиция департаменті, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің жетекшілері баяндама жасап, жыл бойы атқарылған жұмыстарға есеп берді. Ал кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді көтерді.

Мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тіркеуге алды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174