«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Энергетика және ТКШ» салалық кеңесінің жаңа төрағасы сайланды

2025 жылғы 02 Қазан
- Астана қаласы
549 просмотров

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында «Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында кеңес төрағасын сайлау мәселесі қаралып, сондай-ақ сала кәсіпкерлерін алаңдататын өзекті проблемалар талқыланды.

Кеңес небәрі бір жыл бұрын құрылғанына қарамастан, осы қысқа мерзім ішінде ол бизнес пен мемлекеттік органдар арасында сындарлы диалог орнатудың маңызды алаңына айналды. Осы уақыт ішінде проблемалық мәселелердің реестрі жасақталып, мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимыл тетіктері қалыптасты, әрі алдағы жұмыстың басым бағыттары белгіленді. Бұған дейін кеңесті Юсуп Келигов басқарған болатын. Алайда ол қалалық Қоғамдық кеңестегі қызметтік жүктемесінің көптігіне байланысты төрағалық өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдады.

Сонымен қатар ол белсенді қызметін жалғастырып, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің және Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі болып қала береді. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тәжірибесі мен кәсіби білімі Юсуп Келиговке алдағы жоспарларды жүзеге асыруға және саланың өзекті мәселелерін шешуге әрі қарай да үлес қосуға мүмкіндік береді.

Кеңес мүшелері жаңа төраға лауазымына ұсынылған Сәкен Махамбетовтың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Осылайша ол «Энергетика және ТКШ» салалық кеңесінің жаңа төрағасы болып сайланды.

Сәкен Махамбетов кәсіби ортада кеңінен танымал. Ол тұрғын үй саласындағы сервис пен энергиясервистік басқару субъектілерінің «Шанырақ» қауымдастығын басқарады, Халықаралық Жылжымайтын мүлік менеджменті қауымдастығының жұмысына белсене қатысады, сондай-ақ мемлекеттік органдар жанындағы бірқатар консультативтік құрылымдардың құрамына енген. Олардың қатарында - Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Кедергілер жөніндегі кеңесі, Индустрия және құрылыс министрлігінің Біліктілік жөніндегі кеңесі, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-ның жылжымайтын мүлікті басқару және біліктілік жөніндегі кіші комитеттері бар. Бұдан бөлек, ол ҰКП-ның бірнеше салалық кеңестерінің, соның ішінде «Энергетика және ТКШ», «Құрылыс және жер қатынастары» кеңестерінің мүшесі болып табылады.

Оның кәсіби дайындығы Қазақ гуманитарлық-заң институтында, сондай-ақ City Business School-да «Стратегия» мамандығы бойынша білім алумен байланысты. Бұдан бөлек, Берлинде тұрғын үйлерді энергетикалық аудиттеу мен термомодернизациялау мәселелерін зерттеген. Әріптестерінің пікірінше, жинақталған тәжірибе жаңа төрағаға кеңестің жұмысын нәтижелі жалғастыруға әрі саланы дамытуға тың ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.

Кадрлық мәселелермен қатар, отырыста энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында кәсіпкерлер жиі кездесетін проблемалық тақырыптар да қаралды. Бұл мәселелер қазан айына жоспарланған қала әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаевпен өтетін кездесуде арнайы талқыланатын болады. Қазіргі уақытта жиынның нақты күні келісу сатысында тұр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174