«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер палатасының араласуымен Ақтөбеде сауда нысанына кіру жолы қалпына келтірілді

2025 жылғы 08 Қазан
- Ақтөбе облысы
241 просмотров

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының араласуынан кейін жол жөндеу жұмыстарының салдарынан зардап шеккен бизнес нысанына кіру мүмкіндігі қайта қалпына келтірілді. Кәсіпкерлер көрсетілген қолдау мен палата қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі үшін алғыстарын білдірді.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкер З.Ж. Құшанбаеваның атынан алғыс хаты келіп түсті. Хатта палата тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында кәсіпкер бірнеше жыл бойы шешімін таппай келген мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік алғаны атап өтілген. Бұған дейін кәсіпкер әкімдік пен қалалық тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге бірнеше рет жүгінгенімен, нәтиже болмаған.

Мәселе 2023 жылдың қараша айында Исатай Тайманов көшесінде орналасқан «Оңтүстік-батыс» тұрғын үй кешенінде жол жөндеу жұмыстары басталған кезде туындаған. «Сәт» сауда үйінің жанында жаяу және велосипед жолын салу үшін ені шамамен сегіз метр, ұзындығы жиырма метр бетон плиталар орнатыла басталған еді. Соның салдарынан дүкенге келушілер нысанға көлікпен жақындай алмай, кәсіпкерлер де тұрақ орындарынан айырылған.

– «Біздің сатып алушылар дүкенге көліктерімен келе алмай отыр. Табыстан, клиенттен айырылып жатырмыз. Исатай Тайманов пен А. Тарақұлы көшелерінің қиылысындағы жол жұмыстары жағдайды одан сайын қиындатып жіберді. Оның үстіне, жөндеу мерзімі 2023 жылдан 2025 жылға дейін созылып кетті. Бұл жағдайдың тұтқынында – бизнес», – деп атап өтті кәсіпкер Алия Жұбанышева Палатаға жолдаған өтінішінде.

Аталған мәселе Кәсіпкерлер палатасы жанындағы құрылыс, ТКШ және энергетика мәселелері жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында егжей-тегжейлі қаралды. Тексеру барысында жоба-сметалық құжаттамада бірқатар кемшіліктер анықталды — бастапқы жоба бойынша көлік тұрағы қарастырылмаған, бұл сауда нысанының қызметін іс жүзінде тоқтатуға әкелер еді.

Талқылау қорытындысы бойынша автотұрақ аймағын енгізуді көздейтін өзгерістер енгізілді. Алайда, жаңа нұсқа да мәселені толық шешпеген. Осыған байланысты мәселе облыс әкімі мен облыс прокурорының қатысуымен өткен жиында қайта қаралды.

Палатаның мақсаты — жаяу жүргіншілер мен велосипед мінушілердің және кәсіпкерлердің мүдделерін ескеретін ортақ компромистік шешім табу болды.

Нәтижесінде жөндеу жұмыстары аяқталып, аумақ бастапқы қалпына келтірілді, асфальт төселіп, бетон плиталар алынып тасталды, нысанға еркін кіру жолы қамтамасыз етілді.

Палата директоры Дидар Боранқұловтың атына жолданған алғыс хатта кәсіпкер палата қызметкерлерінің кәсібилігі мен белсенді ұстанымын ерекше атап өтті. Атап айтқанда, директордың орынбасары Руслан Қуйшинов, бөлім басшысы Рахат Тәжібаев және сарапшы Жанар Скендирова еңбегіне ризашылық білдірілді.

«Біздің мәселемізді шешудегі қолдауы, назары мен табандылығы үшін шын жүректен алғыс білдіреміз. Кәсіпкерлер палатасының көмегімен әділет қалпына келтіріліп қана қоймай, жұмыс орындары мен бизнесті сақтап қалдық», – делінген хатта.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі миссиясын жалғастырып, бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалог алаңы болып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174