«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Гүлнар Бижанова: «Сенімділік, инвестиция және тарифтер теңдігі – энергетика саласын дамытудың кілті»

2025 жылғы 22 Қазан
386 просмотров

Алматыда «Атакент» ҚІЫО аумағында XXIII Қазақстандық Халықаралық «Энергетика, электротехника және энергетикалық машина жасау» – Powerexpo Almaty 2025 көрмесінің ашылуы өтті. Іс-шара саладағы ең ірі оқиғалардың бірі ретінде 17 елден келген 236 компания өкілдерінің, сондай-ақ энергетика саласының мыңдаған кәсіби мамандарының басын қосты.

 

ҚАЗАҚСТАН ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ИННОВАЦИЯЛАРДЫҢ АЙМАҚТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ РЕТІНДЕ РӨЛІН НЫҒАЙТУДА

Биыл көрме көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға өскен. Қатысушылар қатарында Қазақстан, Германия, Қытай, Үндістан, Италия, Ұлыбритания, Ресей және басқа да елдердің өкілдері бар. Бұл ретте 30% - қазақстандық компания, оның ішінде автоматтандыру және энергия тиімділігі саласында заманауи шешімдерді ұсынған 26 отандық өндіруші ерекше назарға ие болды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова жиын қонақтары мен қатысушыларына құттықтау сөзін жолдады.

Оның айтуынша, қазір «Атамекен» ҰКП бейінді министрліктермен, салалық қауымдастықтармен және бизнес өкілдерімен бірге инфрақұрылымды жаңғырту, тарифтік реттеуді жетілдіру, инвестициялық кедергілерді жою және кәсіпкерлердің мүддесін қорғау сияқты негізгі мәселелерді шешу бағытында жұмыс жүргізуде.

«Әрбір көрсеткіштің артында нақты өндірістер, жұмыс орындары және елдің энергетикалық қауіпсіздігі тұр. Сондықтан, энергетика саласындағы шешімдер бизнес пен өндіріс мүддесін ескере отырып қабылдануға тиіс», – деді Гүлнара Бижанова.

Ұлттық палата төрағасының орынбасары ішкі энергетикалық қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін еліміздің айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Палата тарапынан ұзақмерзімді келісімшарттар жасауға, отандық тауар өндірушілердің мүддесін қорғауға және шетелдік компаниялардың жергілікті өндіріске икемделуіне жағдай жасауға баса назар аударылып отыр.

«Көптеген кәсіпорындар локализацияға мүдделілік танытып, отандық тауар өндіруші болуға ниетті. Біз бизнес тарапынан оңтайлы динамика мен жоғары қызығушылықтың бар екенін байқап отырмыз. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Палата мен салалық министрліктер арасында ауқымды жұмыс жүргізілмек», – деді ол.

Сондай-ақ, Гүлнара Бижанова энергиямен қамту сенімділігі, инвестициялық тартымдылық және тарифтердің әділдігі арасындағы тепе-теңдік мәселесіне ерекше тоқталды.

«Ашық әрі ұзақмерзімді тарифтік модельсіз жеке инвестицияларды тарту және инфрақұрылымды жаңарту мүмкін емес. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба аясында біз ескі желілерді жөндеумен шектелмей, инвестицияларды, инновацияларды және жергілікті өндірісті ынталандыруға бағытталған тетіктерді ұсынып отырмыз», – деп атап өтті спикер.

Ол, сондай-ақ, отандық өндірушілерді қолдау тек ұран емес, энергетикалық жүйенің тұрақтылығына тікелей әсер ететін экономикалық қажеттілік екенін жеткізді.

«Тағы бір стратегиялық бағыт – энергетиканы цифрландыру. Есепке алу, мониторинг және талдаудың зияткерлік жүйелерінсіз тиімділік пен ашықтықты арттыру мүмкін емес. Бүгінде қазақстандық компаниялар «ақылды» есептегіштерден бастап, энергия тұтынуды талдауға арналған платформаларға дейінгі шешімдерді ұсынуда. Біздің міндетіміз – оларды ұлттық бағдарламалар мен тарифтік модельдерге интеграциялау», – деді ол.

 

POWEREXPO ALMATY – СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ, ИДЕЯЛАР МЕН ИННОВАЦИЯЛАРДЫҢ ТОҒЫСАТЫН ОРНЫ

Powerexpo Almaty – бұл жай ғана көрме емес, энергетика саласының болашағын айқындайтын идеялар мен буындардың сабақтастығы қалыптасатын алаң.

«Бүгінгі форумдағы талқылаулар Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға және ұзақмерзімді экономикалық өсімге ықпал ететін нақты шешімдерге бағытталған қадам болады деген сенімдемін», – деп түйіндеді Гүлнара Бижанова.

Айта кетсек, көрмені ашқан пленарлық сессия «Қазақстан энергетикасын жаңғырту: тапшылықты жою, тозуды төмендету және саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру» тақырыбына арналды.

Сол күні тарифтік саясат пен өңірлік энергия желілерін біріктіру мәселелеріне арналған тақырыптық талқылаулар өтті.

Үш күн бойы пленарлық және панельдік сессияларды, сарапшылық пікірталастарды және тақырыптық баяндамаларды қамтитын мазмұнды іскерлік бағдарлама жүзеге асырылады. Іс-шаралар барысында жетекші отандық және халықаралық мамандар сәтті кейстермен бөлісіп, энергетика және атом саласын дамытудағы маңызды мәселелерді талқылауда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Бұл – Қазақстанның сенімді серіктес әрі энергетика саласында болашағы зор нарық ретінде беделін көрсетеді.

Powerexpo Almaty 2025 бизнес, мемлекет және инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі алаңы мәртебесін тағы бір мәрте растады. Қатысушы компаниялардың 61%-ы көрмеге алғаш рет келіп отыр, бұл шара ауқымының кеңейіп, халықаралық қауымдастықтың еліміздің энергетикалық нарығына деген қызығушылығы артып отырғанын дәлелдейді.

Іс-шараны ұйымдастырушы – Iteca Қазақстандық көрме компаниясы, халықаралық серіктесі – ICA Events.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174