Кәсіпкерлер не дейді? Ордабасы, Бәйдібек және Созақ аудандарындағы өткір мәселелер көтерілді
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі Ордабасы, Бәйдібек және Созақ аудандарының кәсіпкерлерін жеке қабылдау өткізді.
Кездесуді Өңірлік кеңес төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен Палата директоры Асылан Ибадуллаев жүргізді. Іс-шараға аудан әкімдері, кеңес мүшелері, кәсіпкерлер, құқық қорғау және салалық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ бизнес қауымдастығының мүшелері қатысты.
Кәсіпкерлер жеке қабылдауда өздерінің ең өзекті мәселелерін айтып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Созақ ауданындағы өзекті мәселелер
ЖК Рысметов Шарипжан Созақ ауыл округінен кәсіпкерлік мақсатқа жер алу мәселесін көтерді.
Кәсіпкерлер бірнеше бағытта — сауда, қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп және басқа салаларда бизнес ашу үшін жер сұраған. Алайда ауыл әкімдігі «бас жоспар бекітілуде» деген уәжбен өтініштерді қараусыз қалдырған.
Бұл жағдай кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіріп отыр. Өңірлік кеңес өкілдері аталған факті бойынша тиісті органдарға хат жолдап, жауапты тұлғалардың назарында бақылауда болады.
Ал, ЖК Жұмақов Талғат шалғай ауылдарда орналасқан кішігірім кәсіпкерлік нысандарды салу кезінде құрылыс-сәулет талаптарының тым күрделі екендігін айтты.
Оның пікірінше, алыс ауылдарға арналған құрылыс нормаларын жеңілдету қажет. Бұл ұсыныс орталық уәкілетті органға жолданатын болады.
Бәйдібек ауданындағы мәселелер
ЖК Түлешов Қалдаш «Ауыл аманаты» бағдарламасының алтыншы бағыты — өз кәсібін ашуға қолдау көрсету тетігі тек бірнеше ауылға қолжетімді екенін айтты.
Оның ұсынысы бойынша, бұл бағдарлама ауданның барлық 11 ауылдық округін қамтуы тиіс.
Шаян ауылында тұратын азамат қазіргі таңда өз үйінде 2000 бас бөдене асырауда. Ол шаруашылықты кеңейтіп, 10 000 бас бөдене асырауға арналған қора-жайдың құрылысын бастап кеткен.
Жоспары бойынша су мен жем беруді толықтай автоматтандырып, саңғырықты транспортер арқылы шығаруды көздеп отыр. Алайда құрылыс қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалған.
Азаматтың ұсынысы бойынша, ірі индустриалдық орталықтар мен теміржолдан алыс орналасқан аудандар үшін жеңілдетілген несие мен қосымша қолдау тетіктері қарастырылуын сұрайды.
«Тұран» шаруа қожалығының өкілі Төрехан Абдрахман биылғы қуаңшылықтың салдарынан шаруалар ірі қаржылық шығынға ұшырағанын жеткізді. Ол көктемгі дала жұмыстарына алынған несиелердің мерзімін бір жылға ұзартуды және тұқымдық материалмен қамтамасыз етуді сұрады.
Ал, «Ел Ырысы» ЖШС басшысы Есенбай Қанашаев кірпіш зауытының жаңа жобасы жер телімінің бөлінбеуіне байланысты тоқтап тұрғанын айтты. Компания жалпы құны 300 млн теңгелік инвестициялық жобаны жүзеге асыруға дайын, жер телімін бөліп беруді сұрады.
Ордабасы ауданындағы ұсыныстар
«Сартай» ШҚ төрағасы Әшірбай Бастарбек «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал бордақылау бағытын енгізу қажеттігін айтты.
Қазір бағдарлама бойынша тек балық, құс шаруашылығы және шағын бизнес ашу бағыттары қарастырылған.
Кәсіпкерлердің пікірінше, мал шаруашылығы бағыты қосылса, ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік болар еді.
Кәсіпкерлердің дауысы естілуде
Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов мұндай кездесулердің басты мақсаты – кәсіпкерлердің нақты проблемаларын жергілікті жерде анықтап, шешу жолдарын бірлесе қарастыру екенін атап өтті:
«Біз бизнес өкілдерінің әрбір өтінішін тыңдап, шешімін жүйелі түрде іздейміз. Әр ауданның ерекшелігі бар, бірақ бәрінің ортақ мақсаты — бизнесті дамытуға жағдай жасау», – деді ол.
Палата директоры Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлердің белсенділігі мен бастамашылдығына ризашылығын білдірді:
«Біздің мақсат – кәсіпкерлердің дауысы естілетін, олардың бастамаларына нақты қолдау көрсетілетін ашық алаң қалыптастыру. Әрбір ұсыныс пен өтініш назардан тыс қалмайды», – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.
Өңірлік кеңес кәсіпкерлердің мәселелерін тұрақты бақылауда ұстайтын болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: