«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан–Финляндия іскерлік форумы: экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

2025 жылғы 28 Қазан
757 просмотров

2025 жылғы 28 қазанда Астанада Қазақстан–Финляндия іскерлік форумы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Финляндия Республикасының Президенті Александр Стубб қатысты. Форум Финляндия делегациясының сапары аясындағы басты оқиға болып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Форумның іскерлік бағдарламасына мемлекеттік органдар мен іскерлік қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Олардың арасында — EastCham Finland компаниясының бас директоры Яана Реколайнен, Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов, Nurminen Logistics компаниясының бас директоры және Қазақстанның Финляндиядағы Құрметті консулы Олли Похьянвирта, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі вице-министрі Рахымжан Исакулов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанкұлов, EastCham Finland филиалының директоры Алтын Шакирханова және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов болды.

Финляндия Президентінің сапары аясында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Финляндия өнеркәсіпшілер конфедерациясы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою рәсімі ерекше маңызға ие болды. Құжатқа екі ел Президенттерінің қатысуымен Ақордада қол қойылып, іскерлік серіктестікті нығайтуға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және елдер арасындағы тәжірибе алмасуға бағытталды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда фин капиталы бар шамамен 70 компания табысты жұмыс істейді. Олар машина жасау, телекоммуникация, экология және фармацевтика сияқты негізгі салаларды қамтиды. Солардың ішінде тау-кен және өңдеу өнеркәсібін дамытуға айтарлықтай үлес қосып келе жатқан Metso технологиялық компаниясы ерекше орын алады. Сондай-ақ, қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына қатысып жүрген лифт және эскалатор өндірісінің әлемдік көшбасшысы Kone компаниясы да белсенді жұмыс істеуде. Сонымен қатар, фин компаниялары Қазақстанда бірқатар бірлескен жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Мысалы, Peikko компаниясы Астанадағы BI ART өнер орталығын салуға қатысып, Deltabeam брендімен инновациялық инженерлік шешімдерді қолдануда. Ал Econet АҚ «КазЦентр ЖКХ»-мен серіктестікте экологиялық тұрақтылықты арттыруға бағытталған тазарту құрылыстарының заманауи технологияларын енгізіп жатыр. Өткен жылдың сәуір айында қазақстандық QazBioPharm компаниясы финдік Orion Corporation компаниясымен бірлесіп фармацевтикалық өнім өндіру жобасын таныстырды. Сондай-ақ, BI Group өкілдері финдік білім беру моделіне негізделген мектептер салу мүмкіндігін қарастыруда.

Форум барысында тараптар машина жасау, жасыл энергетика, логистика, цифрлық технологиялар және білім беру сияқты басым секторларда ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстан бірлескен кәсіпорындар құруға және фин өндірістерін жергіліктендіруге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп, тұрақты жағдай мен мемлекеттік қолдаудың толық спектрін ұсынатынын атап өтті. Өз кезегінде фин тарапы Қазақстан нарығындағы қатысуын кеңейтуге және өндіріс тиімділігін арттыруға, инновацияларды енгізуге, орнықты инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.

Форумның қорытындысында екі ел компаниялары арасында B2B-кездесулер өтті. Кездесулер нәтижесінде қатысушылар серіктестікті дамыту, инвестициялық бастамаларды іске асыру және өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету бойынша нақты қадамдарға дайын екендерін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174