«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мердігерлер тәжірибесіне қойылатын талаптар күшейтіледі: тараптар «Атамекен» алаңында пікірін білдірді

2025 жылғы 21 Қараша
352 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның сатып алуларында алдын ала біліктілік іріктеуді (АБІ) жүргізуге қойылатын талаптарды қайта қарауға арналған кеңес өтті.

Талқылауға «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ жеткізуші компаниялардың өкілдері қатысты. Кездесудің негізгі тақырыбы – әлеуетті мердігерлердің тәжірибесіне қойылатын талаптарды күшейту.

Жиында «Ұңғымаларды байлау жұмыстары (уран өндіруші компаниялар үшін)» санаты бойынша біліктілік талаптарына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Жаңа редакцияда компаниялардан талап етілетін ең төменгі жұмыс өтілі үш жылдан бес жылға дейін ұлғайтылған (соңғы 5 жылдың ішінде 5 жыл). Талдау нәтижелері көрсеткендей, бұл санатта іс жүзінде толыққанды бәсеке жоқ. 2025 жыл бойы сатып алуларға бар болғаны үш компания ғана қатысқан, оның ішінде екі компанияға келісімшарттардың негізгі бөлігі тиген. Материалдар әрі қарай қарау үшін БҚДА-ға жолданды.

Бизнес өкілдері сатып алуларға қатысушылар санының қысқару мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Олардың айтуынша, жаңа талаптар жұмыстарды орындау бойынша тәжірибесі расталған, алайда дәл осы санатта (уран өндіруші компаниялардың ұңғымаларын байлау) бес жылдық тарихы жоқ компаниялар үшін негізгі кедергіге айналуы мүмкін.

«Тапсырыс беруші дәл осы уран өндіруші компаниялардың ұңғымаларды байлау бойынша тәжірибенің болуын талап етеді. Мұндай жұмыстардың негізгі тапсырыс берушісі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ екені бәрімізге белгілі. Сондықтан, енгізілген өзгертулерді ескере отырып, бұл жағдайда 5 жылдық тәжірибені жинау қиынға соғады. Нарықта бұл бағытта жұмыс істейтін орындаушылар саны онсыз да аз. Талаптарды өзгерту салдарынан қатысушылар шеңбері одан әрі тарылып, бұл өз кезегінде қызметтердің құны мен қолжетімділігіне теріс әсерін тигізеді», – деді «ТСК Горняк» ЖШС өкілі Айнұр Байқоңырова.

«Самұрық-Қазына Контракт» пен «Қазатомөнеркәсіп» өкілдері өзгертулер сапаны арттыруға және міндеттемелердің орындалмай қалу тәуекелдерін азайтуға бағытталғанын түсіндірді. Алайда БҚДА сарапшылары сапа мен бәсекелестік арасындағы теңгерімді сақтау қажеттігін еске салды. Шамадан тыс қатаңдатылған талаптар сатып алулардың жекелеген санаттарын монополиялауға әкелуі мүмкін.

«Атамекен» ҰКП талаптарды әзірлеуде байыпты тәсіл қажет екенін атап өтіп, сапа мен бәсекелестік арасындағы теңгерімді сақтау маңызды екенін жеткізді.

«Біліктілік талаптары бір жағынан жұмыстың сапасын қамтамасыз етуге тиіс болса, екінші жағынан барынша көп кәсіпкерлердің сатып алуларға қолжетімділігін сақтап қалуы керек. Тапсырыс берушілер үшін тәуекелдерді азайтып, адал бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік беретін теңгерімді сақтау маңызды», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқасының Сатып алуларды реттеу департаменті директоры Руслан Шоқаев.

Кездесуге қатысушылар ұсынылған өзгертулердің салдарын жан-жақты талдау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. Бизнес пен мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің пікірінше, ашық диалог пен барлық мүдделі тараптардың қатысуы жұмыс сапасын қамтамасыз етіп, нарықтағы бәсекелестік ортаны сақтау үшін оңтайлы шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174