«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДАҒЫ ROSE FARM ЖЫЛЫЖАЙЫ ТӘУЛІГІНЕ 23 МЫҢНАН АСТАМ РАУШАН ГҮЛІН ӨНДІРЕДІ: ОТАНДЫҚ АГРОБИЗНЕСТІҢ ЖАҢА БЕТАЛЫСЫ

2025 жылғы 27 Қараша
- Алматы облысы
132 просмотров

Дереккөз: Tech Farm HD

Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан Rose Farm жылыжай кешені – Қазақстандағы раушан гүлі өндірісінің ең ірі орталықтарының бірі. Мұнда тәулігіне 23 мыңнан астам раушан гүлі кесіледі. Өнімдер еліміздің барлық өңіріне жеткізіліп, ішкі нарықтағы сұраныстың едәуір бөлігін отандық өндіруші қамтамасыз етіп отыр.

Саладағы халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтін бұл кәсіпорын – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде қалыптасып келе жатқан жаңа үрдістің көрінісі. Қазіргі кезде Қазақстан нарығындағы гүл өнімінің 70-80 пайызы шетелден импортталады. Rose Farm жобасы осы тәуелділікті төмендетуге, отандық өндірістің үлесін арттыруға бағытталған маңызды бастама саналады.

Кәсіпорын жоғары технологиялы жылыжай кешенін пайдалануда.

Мұнда  Нидерланд технологиясымен климат-бақылау жүйесі, тамшылатып суару, автоматтандырылған ауа айналымы, өсімдіктің өсу циклін дәл басқару алгоритмдері, Голландиядан әкелінген отырғызу материалдары сияқты элементтер қолданылып, жыл бойы тұрақты өнім алуға мүмкіндік жасалған.

Rose Farm мамандары жаңа сорттарды енгізу, гүлдің түсі, ұзындығы, тығыздығы бойынша халықаралық талаптарды сақтау бағытында ғылыми-агротехникалық тәсілдерді қолданады.

Қызметкерлердің басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Кәсіпорын өз ішінде мамандарды оқытып, агробизнес саласындағы заманауи әдістерге үйретеді. Бұл аудан үшін әлеуметтік маңызы жоғары фактор.

Сонымен қатар Rose Farm – әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнес субъектілерінің бірі. Жергілікті мектептер мен балабақшаларға көгалдандыру бойынша қолдау көрсетіп келеді.

Жылыжай жұмысымен танысу мақсатында нысанға Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалының директоры
Дәурен Кежекеев барып, кәсіпорын басшылығымен кездесті.

Кездесуде гүл өндірушілердің алдында тұрған негізгі мәселелер талқыланды: логистика шығындары, салқын тізбек инфрақұрылымы, субсидиялау механизмдеріне қолжетімділік, импорттық тәуелділікті азайту, техникалық стандарттау.

«Rose Farm – Қарасай ауданындағы агробизнестің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететін бірегей кәсіпорын. Мұнда еуропалық технологиялар, сапалы менеджмент және кәсіби команда бар. Ең бастысы – кәсіпорын ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашып отыр. Палата тарапынан біз мұндай өндірістерді жан-жақты қолдауға дайынбыз. Өңірлік агробизнес үшін осындай үлгілік жобалар өте маңызды», - деді ол.

Rose Farm жылыжайының дамуы – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін әртараптандыруға, импортты алмастыруға және ауыл шаруашылығы саласын технологияландыруға бағытталған мемлекеттік саясатпен толық үйлеседі.

«Қарапайым заттар экономикасы», «АӨК дамыту» бағдарламалары және «Атамекен» ҰКП жүйесі арқылы бизнеске көрсетілетін қолдау – осындай кәсіпорындардың өрлеуіне жол ашып отыр.

Кәсіпорын басшылығы өндіріс көлемін арттыруды, жаңа раушан сорттарын енгізуді және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығу мүмкіндігін қарастырып жатқанын атап өтті. Бұл Қазақстан гүл нарығын дамытуда жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді.

Rose Farm – агробизнес саласындағы жаңа буын кәсіпорындарының айқын үлгісі. Оның жұмысы: өңір экономикасын дамытуға, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашуға, импортты алмастыруға, отандық өнімнің үлесін арттыруға елеулі үлес қосып отыр.

Бұл тәжірибе алдағы жылдары гүл шаруашылығы мен жылыжай бизнесінің Қазақстанда қарқынды дамуына серпін береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174