«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мектепке дейінгі білім беру саласындағы қарағандылық бизнеске жаңа санитарлық талаптар мен Салық кодексіндегі өзгерістер түсіндірілді

2025 жылғы 12 Желтоқсан
- Қарағанды облысы
151 просмотров

Қарағанды облысында Кәсіпкерлер палатасының алаңында Адами капиталды дамыту жөніндегі салалық кеңестің отырысы аясында мектепке дейінгі білім беру саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін түсіндіру іс-шарасы өтті. Кездесуге Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында 1 қыркүйектен бастап күшіне енген мектепке дейінгі ұйымдардағы тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану стандарттарының жаңа талаптарына ерекше назар аударылды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері тамақтануды ұйымдастыру, мәзірді жаңарту, тұз бен қанттың мөлшерін шектеу, сондай-ақ өндірістік бақылау шаралары бойынша талаптарды түсіндірді.

«Жаңа стандарттардың негізгі мақсаты – балаларды қауіпсіз, теңгерімді тамақтанумен қамтамасыз ету және ішек-жұқпалы аурулардың алдын алу. Балабақшалар мәзірді қайта қарап, тыйым салынған өнімдерді алып тастап, тағам сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын барлық талаптарды сақтауы тиіс», – деді Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау бөлімінің басшысы Майра Белгібаева.


Кеңес барысында тамақтану сапасын бағалаудың құралы ретінде қалдық индексін енгізу, температуралық режимді сақтау, тәуліктік сынамаларды сақтау, құжаттаманы жүргізу, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің тамақтану мәселелері бойынша кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттыру мәселелері де талқыланды. Кәсіпкерлер жекелеген өнімдердің қолжетімділігі мен ұсынылатын мәзірді өңірлік ерекшеліктерге бейімдеу қажеттілігіне қатысты практикалық мәселелерді көтерді.

Отырыс аясында салық заңнамасындағы өзгерістерге де жеке тоқталынды. Бұл бағыт бойынша Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Зауреш Жойкимбекова баяндама жасады.

«Әлеуметтік сектордағы мектепке дейінгі ұйымдар үшін салық салуға кезең-кезеңімен көшу көзделген: 2026 жылдан бастап мөлшерлеме 5 пайызды, ал 2027 жылдан бастап 10 пайызды құрайды. Кәсіпкерлерге Салық кодексінің жаңа нормаларын алдын ала зерделеп, оңтайлы салық режимін айқындап, өтпелі ережелерді сақтауы маңызды», – деп атап өтті Зауреш Жойкимбекова.

Сондай-ақ ол салықтарды уақтылы төлеудің маңыздылығына назар аударып, туындайтын барлық сұрақтар бойынша кәсіпкерлерге Мемлекеттік кірістер органдарына тікелей жүгінуге кеңес берді.

Кездесуді қорытындылай келе, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Азамат Даненбаев мұндай отырыстардың қолданбалы сипаты бар екенін және бизнес үшін әкімшілік тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге жаңа талаптар мен мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезіндегі құқықтарын нақты түсіндіру. Мұндай түсіндіру жұмыстары бизнестің өзгерістерге алдын ала дайындалуына және құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі», – деді Азамат Даненбаев.

Отырыс қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге санитариялық талаптар бойынша сұрақтар мен ұсыныстарды Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және Тамақтану академиясына жолдау, ал салық мәселелері бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне жүгіну ұсынылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174