«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Болашақты қалыптастыратын еңбек: ШҚО-да Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысы шығарылды

2025 жылғы 19 Желтоқсан
- Шығыс Қазақстан облысы
325 просмотров

Бүгін Шығыс Қазақстан облысында Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысына арналған ауқымды форум өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің, бизнес пен әлеуметтік серіктестердің өкілдері қатысып, өңірдің кадрлық әлеуетін қалыптастырып жүрген жандардың еңбегін бағалауға арналған маңызды алаңға айналды.

Форум аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ өңір экономикасына қажетті кадрларды даярлау ісіндегі тиімді ынтымақтастығы үшін ШҚО Кәсіпкерлер палатасына алғыс хат табыстады.

Өз кезегінде, Қайрат Мамырбаев «Атамекен» ҰКП басшылығы атынан сөз сөйлеп, білікті мамандарды даярлауда колледждер мен педагогикалық ұжымдардың шешуші рөлін атап өтті. Салтанатты жағдайда ол Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжінің атқарушы директоры Ернар Иргебаевқа, Қ. Нұрғалиев атындағы Жоғары колледждің директоры Марат Нұрғалиевке, сондай-ақ Өскемен құрылыс-техникалық колледжінің ұжымына құрмет грамоталарын табыстады.

Қайрат Мамырбаев білім беру мен бизнестің бірлескен жұмысының маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Бүгінде мықты жұмысшы мамандықтарынсыз бәсекеге қабілетті экономика туралы айту мүмкін емес. Колледждер мен серіктестік негізде жұмыс істейтін кәсіпорындар нақты өндірістік жағдайларға дайын мамандарды қалыптастырады. Біздің ортақ міндетіміз – түлек кәсіпорынға тек дипломмен ғана емес, практикалық дағдылармен, өндірістік процестерді түсінумен және өз ісіне жауапкершілікпен келуі», – деді ол.

Форум барысында дуальды оқыту жүйесімен жұмыс істейтін облыс кәсіпорындарына да ерекше назар аударылды. Кадр даярлау ісіне белсенді қатысып, студенттерге өндірістік тәжірибе алаңдарын және тәлімгерлер ұсынған компаниялар облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Мұндай ынтымақтастық форматы өзінің тиімділігін дәлелдеді: студенттер нақты өндірістік тәжірибе жинақтаса, жұмыс берушілер ынталы әрі дайын жас мамандарға ие болуда.

Форум салтанатты әрі мерекелік жағдайда өтіп, еңбекке деген құрмет пен жұмысшы мамандықтарының Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін айқындайтын концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Бүгінде кадр даярлау процесіне бизнестің қатысуы өңірдің орнықты дамуының басты факторларының бірі болып отыр. Кәсіпорындардың белсенді ұстанымы, болашақ мамандарды оқытуға уақыт пен ресурстар салуға дайын болуы білім беру мен еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы байланысты нығайтып, ШҚО экономикасының берік негізін қалыптастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174